Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрлігі Жамбыл облысының Отар станциясындағы әскери бөлімде жарақат алған мерзімді қызметтегі сарбаздың денсаулық жағдайы туралы ресми мәлімет таратты, деп хабарлайды Аlash.kz.
Министрліктің ақпаратына сүйенсек, қатардағы жауынгер Есбол Қапардың беті бері қарап, қазіргі уақытта ол Алматы қаласындағы Қорғаныс министрлігіне қарасты әскери-клиникалық госпитальда оңалтудан өтіп жатыр.
Ресми хабарламада оқиғаның мән-жайы былайша баяндалған: «Оқиға мерзімді қызметтегі әскери қызметшілер арасында орын алып, оның салдарынан сарбаздың бірінің төменгі жақ сүйегі сынған. Зардап шеккен сарбаз дер кезінде ауруханаға жатқызылып, оған барлық қажетті білікті медициналық көмек көрсетіліп жатыр. Жауынгердің денсаулық жағдайы әскери дәрігерлердің ұдайы бақылауында. Әскери-клиникалық госпитальдің жақсүйек-бет хирургиясы бөлімшесінің бастығы, медицина қызметінің подполковнигі Владислав Мусатовтың айтуынша, қатардағы жауынгер Есбол Қапардың жағдайы жақсы».
Ауруханаға түскен сәтте жауынгердің күйі салыстырмалы түрде қанағаттанарлық деп танылған болатын. Дәрігерлердің болжамына сәйкес, ол алдағы бір айдың ішінде емдеу мекемесінен шығарылады. Сарбазға алған жарақатына байланысты толық сауығып кетуі үшін арнайы демалыс берілетіні белгілі болды. Оңалту кезеңі аяқталған соң, ол өзі бекітілген әскери бөлімге оралып, қызметін жалғастырады.