Белгілі әнші, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Гүлзира Бөкейхан 57 жасында дүниеден өтті, деп жазады Alash.kz ұлттық порталы. 
Қаралы хабарды Мәдениет және ақпарат министрлігі мәлім етті.
“Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрлігі белгілі әнші, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Гүлзира Бөкейханның дүниеден өтуіне байланысты марқұмның отбасы мен туыстарына, туған халқына қайғыра көңіл айтады.
Гүлзира Бөкейхан – қазақтың дәстүрлі ән өнерін өркендетуге үлес қосқан дара талант иесі еді. Ол халықтық және кәсіби композиторлардың таңдаулы туындыларын асқан шеберлікпен орындап, ұлттық мәдениетіміздің бай қазынасын танытты. Көне халық әндерін жаңғыртуға да айрықша үлес қосып, сирек мұраларды заманауи өңдеуден өткізіп, сахнаға шығарды.
Астана мемлекеттік филармониясында және Президенттік мәдениет орталығында қызмет еткен Гүлзира Бөкейхан өмір бойы қазақ өнерінің абыройын асқақтатуға адал қызмет етті.
Өмірін ұлттық мәдениетке арнаған абзал жанның жарқын бейнесі халық жадында мәңгі сақталады деп сенеміз.Марқұмның жатқан жері жайлы, топырағы торқа болсын! Алланың рақымы мен мейірімі жолдас болып, рухы пейіште шалқысын!“,- делінген хабарламада.