Тірі болсам, қазаққа қызмет етпей қоймаймын!

Әлихан Бөкейхан

«Дәлел жоқ… Жылжымай тұр»: 32 жыл бұрын ауылдастары зорлаған әйел Президенттен көмек сұрады

13:59, 17 шілде 2026

Осыдан 32 жыл бұрын өзін ауылдастары зорлағанын мәлімдеген Наташа Қалымбетова бұл істің әлі күнге дейін тергелмей тұрғанын айтып, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтан көмек сұрады, деп хабарлайды Alash.kz.

Жәбірленушінің әлеуметтік желіде жасаған мәлімдемесінен кейін төрт ай бұрын полиция іс қозғаған болатын. Ол Қазақстанға келіп, оқиға болған ауылды көрсетіп, құқық қорғау органдарына жауап бергенімен, әзірге ешқандай нәтиже шықпай отыр. Бұл туралы Наташа Қалымбетова Instagram желісінде жариялаған видеоүндеуінде:

«Қазір іс бір орнынан жылжымай тұр. Себебі куә жоқ, дәлел жоқ. Жалғыз дәлел - менің қызым. Мені аяусыз зорлаған адамдардан туған қызым. Болжам бойынша, қызым аман-есен, Америкада тұрып жатыр», - деп мәлімдеді.

Осыған байланысты ол Президент Қасым-Жомарт Тоқаевқа үндеу жасап, істі жеке бақылауына алуын өтінді. Наташа Қалымбетова өз үндеуінде:

«Мен осы арқылы Қазақстанда күн сайын болып жатқан зорлық-зомбылықты тоқтатқым келеді. Иә, менің оқиғам 32 жыл бұрын болған. Мен бұл ауыр жарамен өмір сүріп келемін», - деп ағынан жарылды.

Наташа Қалымбетованы 17 жасында өз ауылының төрт жігіті зорлап, Жайық өзенінің жағасына тастап кеткен. Бұл жантүршігерлік оқиға туралы ол биылғы наурыз айында Tik Tok желісінде алғаш рет ашық айтты. Оның жазбасы қоғамда үлкен резонанс тудырып, 2 миллионнан астам қаралым жинаған соң, Батыс Қазақстан облыстық полиция департаменті осыдан 30 жылдан астам уақыт бұрын болған зорлау фактісі бойынша қылмыстық іс қозғаған еді.

Қозғалған іске байланысты Наташа Қалымбетова жақында Таиландтан Орал қаласына арнайы ұшып келген. Ол тәртіп сақшыларымен бірге қылмыс болған ауылға барып, тиісті түсініктемелерді берген болатын.

Кейінірек, 2 маусымда «НеМолчи.kz» қоры ұйымдастырған Zoom арқылы өткен баспасөз мәслихатында ол тағы бір құпияның бетін ашты. Оның айтуынша, сол уақытта өзін зорлаған төрт жігіттің бірінен жүкті болып қалған. Алайда туыстары мен оқу орны тарапынан жасалған қатты қысым мен қоғамның айыптауынан қорыққандықтан, перзентханада сәбиінен бас тартуға мәжбүр болған.

Бұл мақала туралы не ойлайсыз?
Жарнама
Соңғы жаңалықтар