Тірі болсам, қазаққа қызмет етпей қоймаймын!

Әлихан Бөкейхан

"Черчесов Ресейде керек болмай қалған маман": Қазақстан құрамасының бас бапкеріне сын көп

18:36, 04 маусым 2024 860

Ресейдің 60 жастағы футбол маманы Станислав Черчесов Қазақстан құрамасының бас бапкері болып тағайындалды. Черчесовтың жалақысы жайлы тараған инсайт ақпарат жұрт наразылығына түрткі болып, маманның біліктілігіне қатысты да пікірталас күшейді деп хабарлайды Alash.kz.

Бұл қарсылыққа не себеп? Черчесовтың мүмкіндіктері қандай? "Азаттық" осы сауалдарға жауап іздеп көріпті.

Жалақы айналасындағы дау

3 маусымда Қазақстан футбол федерациясы (ҚФФ) Станислав Черчесовпен келісім-шартқа қол қойғанын ресми мәлімдеді. Ал құраманы осыған дейін жаттықтырған тағы бір ресейлік маман Магомед Адиев пен ҚФФ "екі жақты келісіммен" жұмысты аяқтаған. Бірақ ҚФФ сайтындағы ақпаратта Черчесовпен қанша жылға келісім-шартқа қол қойылғаны, жалақысы жайлы ақпарат жоқ.

Өткен аптада қазақстандық басылымдарда "Черчесов Қазақстан құрамасын жаттықтырады және жылына 1,2 млн еуро (581 млн 750 мың теңге) жалақы алады" деген ақпарат тараған еді. Осыдан соң желі қолданушыларының бір бөлігі Черчесовтың жалақысының көп екенін айтып, сынға алған.

Желіде қарсылық күшейген тұста ҚФФ Черчесовтың "жалақысы туралы ақпарат асыра көрсетілген және шынайылыққа сәйкес келмейді", "жалақысы бюджет тарапынан қаржыландырмайды" деп мәлімдеді. Бұған қоса, федерация келісім-шарттың құпиялығына байланысты "жалақы көлемі жария етілмейтінін" де хабарлады.

Ал ресейлік және қазақстандық спорт сайттары Черчесов Қазақстанмен 2+1 жүйесімен келісім-шартқа қол қойылғанын жазды. Яғни, Черчесов Қазақстан құрамасын екі жыл жаттықтырады, егер жақсы нәтиже көрсетсе, тағы бір жыл жұмыс істейді. Ресейлік маман Қазақстан құрамасын биыл күзде басталатын Ұлттар лигасына дайындайды. Одан соң 2026 жылғы әлем чемпионатына іріктеу турнирін өткізуі мүмкін.

Футбол комментаторы, "Бірінші бол" спорт подкастының жүргізушісі Олжас Байбосынов "жалақы туралы ақпарат халықтың шамына тигенін" айтады.

- Қазақстанда 1,2 млн еуро айлық алу мүмкін бе деген сұрақ туындайды. Шалғайдағы ауылда жатқан халық мұндай айлықты ұстап көрмеген де. Жалпы Черчесовтың осыншама айлық алады дегені нақты ақпарат емес, бірақ бәрібір осындай ақпарат халықты ашуландырады. Қарсылықтың бір себебі – осы, – дейді ол.

Ал қазақстандық футбол журналисі, бұрын ҚФФ-да баспасөз хатшы болған Ербол Каиров "қалай болғанда да ҚФФ бапкердің жалақысын демеушілердің ақшасына, FIFA мен UEFA-дан бөлінетін қаржыдан төлейтінін" айтады.

Қазақстан құрамасының ойындарынан хабар таратып жүрген спорт журналисі Бек Төлеу "Черчесов төмен жалақыға келе қоймайтын маман" деп санайды. Ол "бапкердің жалақысы бюджеттен төленсе жариялануы тиіс болады, бірақ ҚФФ бапкердің жалақысын бюджеттен төлемейді, мұндай кезде оларға ешкім ештеңе айта алмайды" дейді.

ЧЕРЧЕСОВТЫҢ МҮМКІНДІГІ ҚАНДАЙ?

Черчесов Совет одағы кезінде футболшы болған, кейін бапкерлікке ауысқан. Жаттықтырушы карьерасын Австрия клубтарында бастап, кейін Мәскеудің "Спартак", "Динамо" командаларын жаттықтырды. Ал 2018 жылы Ресейде өткен әлем чемпионатында Ресей құрамасын ширек финалға шығарған. Әлем кубогында Сауд Арабиясы, Египетті, Испанияны жеңіп, ширек финалда Хорватиядан пенальтиден жеңілген еді. Футбол комментаторы Олжас Байбосынов "Черчесовтың жанкүйер есінде қалған жалғыз жетістігі осы әлем кубогының ширек финалы" деп санайды.

- Черчесов Ресейде керек болмай қалған маман. Бірақ кейінгі жылдары Ресейде ешқандай жұмыс істеп жатқан жоқ. Оны жұмысқа шақырмайды. Неге біз сұранысқа ие болмай қалған адамды алып келе береміз? "Ұлттық құрама деңгейінде жұмыс істейтін басқа да мамандар жоқ па? Еуропадан неге алып келмейді?" деген сауал туындайды. Өйткені біз ерте ме, кеш пе еуропалық футбол ойнауға көшуіміз керек. Қашанғы кеңес дәуірінде қалған футболды ойнай береміз? – дейді Байбосынов.

Ербол Каиров та Қазақстан Ресейден бапкер шақыруды қысқартып, еуропалық мамандарға көңіл бөлу керек деп есептейді.

- Еуропадан, Германиядан мықты бапкерлер әкелуге болады. Себебі сонда ғана біз футбол менталитетімізді өзгертеміз, футбол жүйеміз басқаша жұмыс істей бастайды, - дейді ол.

Ал Бек Төлеу "жұмыссыз жүрген ресейлік мамандардың Қазақстанға келуі тенденцияға айналып бара жатқанын жанкүйерлер наразы" деп есептейді.

- "Қайрат" футбол клубына ресейлік Александр Кержаков, "Ақтөбеге" ресейлік Дмитрий Парфенов келді. Енді міне, Черчесов тағайындалды. Осының бәріне жанкүйерлерді екіұдай күйде қалдырып жатыр, - дейді ол.

Черчесовтың өзі Қазақстан құрамасына бас бапкер болып тағайындалғанына қатысты ресми пікір білдірген жоқ. Ол бастаған Қазақстан құрамасы қыркүйекте Ұлттар лигасы жарысын бастайды. Қазақстан В дивизонынанда Норвегия, Австрия және Словениямен ойнайды. Футбол комментаторы Олжас Байбосынов бұл турнир Черчесов үшін үлкен сынақ болады деп санайды.

- Құрама ұлттар лигасында көп жеңілсе, Черчесов сынның астында қалады. Бұл сынды көтере ала ма, алда ҚФФ не шешеді? Оны уақыт көрсетеді, - дейді ол.

 

Бұл мақала туралы не ойлайсыз?
Жарнама
Соңғы жаңалықтар