Тірі болсам, қазаққа қызмет етпей қоймаймын!

Әлихан Бөкейхан

"Cалғырттық қызметкерлерден басталған". Қызылордалық 16 жастағы қыздың сұмдық жағдайына облыс әкімі пікір білдірді

20:36, 16 тамыз 2024 648
Қызылорда облысының әкімі бірнеше күннен бері әлеуметтік желілер мен бұқаралық ақпарат құралдарында сөз болған мәселеге тоқталды. Ол кәмелетке толмаған қызды жезөкшелікпен айналысуға мәжбүрлеген Қызылордадағы мектеп түлектерінің әрекеті қоғамда қызу талқыға түскенін атап өтіп,полиция департаменті мен мектеп мұғалімдерін сынға алды, деп хабарлайды Alash.KZ ұлттық порталы.
 
Қызылорда облысының әкімі жарты жылға жуық уақыттан бері полиция департаментінің ұйымдасқан қылмыспен күрес басқармасын сынап, дәрменсіздік танытқанын қатаң айыптады. Сонымен қатар, оқушы қызға сабақ беретін мұғалімдердің бұл жағдайдан бейхабар болғанын қатаң сынға алды.
 
Tengrinews.kz порталы әкім пікірін дәйектейді:

"Әлеуметтік желілерде учаскелік полиция инспекторы мен мектептің ювеналды полиция қызметкері мәселеден хабардар болғандығы жөнінде ақпарат тарады. Негізгі салғырттық осы қызметкерлерден басталған. Өздеріне бекітілген аумақтағы ахуалды алдын-ала зерделеп, әр тұрғынды бақылауы тиіс еді. Бірақ, ондай жұмыс мүлде жүргізілмеген. Білім саласының мамандары да қызметтеріне немқұрайлы қараған. Мектеп басшылығы, педагогтер, мектеп инспекторы, өз міндеттеріңізді орындамағансыздар! Мектеп психологі, сынып жетекшілері, әлеуметтік педагог, мектеп директорының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары және директор заң аясында қандай да бір нақты қадамға бармаған", - деді Нәлібаев.

Облыс әкімі оқушының сабақтан жиі қалатынына тиісті мамандардың назар аудармағанын да атап өтті. Оның ата-анасымен тиісті деңгейде профилактикалық жұмыс жүргізбегенін, тек мәселені жасырып-жабуға тырысқандарын айтты.

"Бүгіннен бастап №7 мектеп – лицей директоры, тәрбие ісі жөніндегі орынбасары, психологі, әлеуметтік педагогі, сынып жетекшілері жұмыстан босатылсын. Қызылорда қаласы әкімінің осы салаға жауапты орынбасарына, қалалық білім бөлімінің басшысына қатаң сөгіс, бөлімнің тәрбие жөніндегі жауапты маманына жұмыстан босату шарасы қолданылсын. Білім басқармасының басшысына өз міндеттерін тиісті деңгейде орындамағаны үшін қызметіне толық сәйкес еместігі туралы ескерту беремін. Өзіне жүктелген міндетті тиісті деңгейде орындамаған мектеп инспекторы мен учаскелік полиция инспекторы, оны бақыламаған кәмелетке толмағандар ісі жөніндегі ювеналды полиция бөлімшесі, қалалық полиция басқармасы мен облыстық жергілікті полиция қызметі ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес басқармасы тікелей кінәлі. Осы орайда, жауапты мамандардың жауапкершілігін қарап, қызметінен босатуға дейінгі кадрлық шешімдер қабылдансын. Қабылданған шешімдер туралы жұмыс аяғына дейін баяндаңыз", - деді облыс басшысы.

Бала құқықтарын қорғау жөніндегі облыстық уәкіл Жақсыгүл Тоғановаға облыстың білім беру ұйымдарындағы жұмыстарға талдау жүргізіп, дереу жұмыс тобын құру тапсырылды. Бұл ретте алдын алу шараларын қолданып, қолайсыз отбасыларды және тәулікке жалға берілетін пәтерлерді аралау қажет екені айтылды.

Аймақ басшысы оқиғадан зардап шеккен отбасына жан-жақты көмек көрсетуді, тергеудің барынша объективті жүргізілуін талап етті.

"Қозғалған қылмыстық іс бойынша тергеп-тексеру амалдарының объективті жүргізілуі міндеттеледі. Қылмысқа қатысы бар адамның барлығы заң аясында тиісті жауапкершілікке тартылатын болсын! Бұл мәселені тікелей бақылауымда ұстаймын", - дейді Нұрлыбек Нәлібаев.

Еске сала кетейік, бұған дейін Қызылорда облысында 16 жастағы қызды сыныптастары жезөкшелікпен айналысуға мәжбүрлегені туралы жазған едік.

Оқиғаның егжей-тегжейі туралы "НеМолчиKZ" қорының басшысы Дина Таңсәрі желі арқылы мәлімдеді.

“Жарты жыл бойы 16 жасар қызды өзімен қатарлас бір топ балалар жезөкшелікпен айналысуға мәжбүрлеген. Ұрған, соққан, қорқытқан. Ең қызығы, ақша ең соңында мәжбүрлеуші топтың ішіндегі бір қыздың анасының счетына аударылып отырған. 10 миллионнан астам теңге аударылған. Ол ақшаның қайдан келіп жатқанын сұрамайды емес сұрайды ғой. Сондықтан бұл жерде үлкен адамдардың нұсқауы бар”, - деді “НемолчиKZ” қорының жетекшісі Дина Таңсәрі.

Жәбірленушінің анасының айтуынша, барлығы қызы 10 сыныпта сыныптас құрбысымен жақын араласа бастаған кезде басталған.

"Бұл сұмдық туралы білмедік. Бұл сыныптасы біздің үйден 500 метр жерде тұрады. Олар жақсы араласып жүрді. Содан кейін құрбысы және басқа да сыныптастары қызымызды олардың үйіне жіберуімізді жиі сұрап келе бастады. Басында қарсы болдық, бірақ бәрі жақсы болады деп сендірген соң рұқсат беріп жүрдік. Қаңтар айында олар қызның телефонын алып, оны жезөкшелерге арналған сайтқа тіркеп, мас және жалаңаш күйінде киім ауыстырып жатқанын видеоға түсіріп алып, бопсалаған. Алғашында қызым олардан қорыққан. Ақпан айында қызым үйге келіп, мектепке барып жүрді. Бірақ содан кейін қылмыскерлердің талабы күшейіп, қызым күндіз де, кешке де шыға бастады. Екі күн бойы үзіліссіз жезөкшелікпен айналысуға мәжбүр болған күндері де болыпты. Егер ол ақшаны аударуды бес минутқа кешіктірсе, оны ұрып-соғады екен", – дейді жәбірленушінің анасы. 

Полиция қызға келген ер адамдардың барлық ақша аударымдарын анықтады. Олардың саны 1000-нан асады. Күдіктілер ай сайын жәбірленушіні пайданалып 3 миллион теңгеге жуық табыс тауып отырған.

"НеМолчиKZ” қорының жетекшісі жәбірленушінің отбасына қауіп төніп тұрғанын айтты.

"Біз жағдайды дұрыс бағаламай отырмыз, қылмыстық іске 4 күдіктінің, олардың ата-аналары және мыңға жуық клиенттің қатысы бар. Клиенттерді күдіктілердің бірінің пәтерінде жезөкшелерге арналған сайт арқылы қабылдаған. Сондай-ақ қызды тапсырыспен сауналарға да апарған", – деді құқық қорғаушы.

Оның айтуынша, күдіктілердің туыстары қыздың ата-анасын улы газбен уландырамыз деп қорқытқан.

"Қазір олардың үйінің жанында үнемі полиция қызметкері тұрады. Алайда ол жәбірленушінің қауіпсіздігіне ғана жауапты. Ал анасын бүкіл қала біледі, ол өз өмірі үшін қорқады", – деді Дина Таңсәрі.

"НеМолчиKZ" қорының негізін қалаушы Дина Таңсәрі қызды зорлаған алғашқы "клиенттің" ұлттық қауіпсіздік комитетінің қызметкері екенін де атап өтті.

Полиция департаментінің мәліметінше, қылмысқа қатысы бар мектеп оқушыларының ата-аналарына қатысты қылмыстық іс қозғалып, ал кәмелетке толмаған күдіктілерге "үйқамақ" түріндегі бұлтартпау шарасы қолданылған.  

Күні кеше оқушы қыздың үйіне күзет қойылды.

 

Бұл мақала туралы не ойлайсыз?
Жарнама
Соңғы жаңалықтар