Семей қаласында 20 жастағы Дильназ Жұмағұлованың өліміне қатысты резонанстық қылмыстық іс бойынша сот үкімі жарияланды, деп хабарлайды Alash.kz.
Сот шешімімен бойжеткеннің бұрынғы жігіті айыпты деп танылып, орташа қауіпсіздік мекемесінде 14 жылға бас бостандығынан айырылды. Сонымен қатар сотталушыдан марқұмның отбасының пайдасына 20 миллион теңге моральдық зиян, 1,1 миллион теңгеден астам материалдық шығын және 500 мың теңге көлемінде өкілдік шығындарды өндіріп алу міндеттелді.
Сұмдық оқиға осы жылдың 13 шілдесінде Бородулиха ауылында орын алған еді. Сол күні бойжеткеннің мәйіті елді мекендегі топырақ жолдың бойынан табылған. Тергеу мәліметтеріне сәйкес, жастар арасында кенеттен жанжал туындап, салдарынан бойжеткеннің бұрынғы жігіті оған бірнеше рет пышақ сұғып, оқиға орнынан бой тасалап кеткен.
Сот процесі барысында сотталушы тағылған айыпты толық көлемде емес, тек ішінара мойындады. Судья оның іс-әрекеттерінен өз жасаған қылмысына шын жүректен өкіну белгілері байқалмағанын арнайы атап өтті.
Сот үкімі заңды күшіне енгенге дейін айыпталушы күзетпен ұстау изоляторында болады. Оның тергеу изоляторында қамауда болған әрбір күні жаза мерзіміне бір жарым күн есебімен есептелетін болады.
Ал қаза тапқан Дильназдың жақындары соттың бұл шешіміне қатысты әлі де апелляциялық шағым түсіру-түсірмеу мәселесін түпкілікті шешкен жоқ. Марқұмның әкесі бұрынғы жігітке кесілген 14 жылдық жазаны өте жеңіл деп есептейді.
Қазіргі таңда сот шығарған бұл үкім заңды күшіне ене қойған жоқ.