Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев дәрігерлерді қорғайтын заңға қол қойды. Бұл туралы Мәжіліс депутаты Асхат Аймағамбетов хабарлады, деп жазады Alash.kz ұлттық порталы.
“Бұл заң ақ халаттылар үшін ғана емес, барлығымыз үшін маңызды. Бастама Мемлекет басшысы Қ.К. Тоқаевтың дәрігерлерді қорғау туралы тапсырмасы аясында жүзеге асып отыр.
Заң несімен маңызды?
Бұрын медицина қызметкерлеріне шабуыл жасау жай бұзақылық болып саналатын. Енді біз заң жүзінде қызмет бабындағы дәрігер мен жедел жәрдем жүргізушісін арнайы субъект ретінде бекіттік.
Яғни, оларды қорғау енді құтқарушылармен, егерьлермен, құқық қорғаушылармен және билік өкілдерімен қорғау тетіктері бойынша теңестірілді.
Дегенмен, мына нәрсені түсіну маңызды. Бұл заң – дәрігерлерге артықшылық беру туралы заң емес. Бұл заң – әрбір пациент үшін тиімді.
Бұл – инфаркт алған әже немесе ұстамасы ұстап қалған бала үшін маңызды. Өйткені көрші аулаға келген дәрігерлерді ешкім соққыға жықпаса, олардың көлігі істен шықпаса – оларға жедел көмек дер кезінде жетеді.
Бұл – хирургтың күрделі отасына мұқтаж науқас үшін маңызды. Өйткені хирург қорқыныштан немесе саусағы сынғандықтан кәсібін тастап кетпей, мыңдаған маңызды отаны жасай береді.
Дәрігер мен жедел жәрдемге жасалған шабуыл – бұл ұрланған уақыт, ұрланған ем мен ұрланған өмір. Ал инсульт немесе жарақат кезінде уақыт – өмірмен тең.
Қорғалған дәрігер = Құтқарылған пациент. Бұл – аксиома.
Заң жобасының бастамашылары болып табылатын төрт депутат: Аймағамбетов А. Қ., Бейсенбаев Е. С., Сәрсенғалиев Н. А., Мысрәлімова А. Е.“,- деп жазды Мәжіліс депутаты.