Танымал қазақстандық әзілкеш Тұрсынбек Қабатовтың жұбайы Айман Талғатқызы әлеуметтік желіде күйеуінің сырт келбетін тілге тиек етіп, әртүрлі жағымсыз пікір жазатындардың әрекетіне қатысты ашық пікір білдірді, деп хабарлайды Alash.kz.
Желі қолданушыларының тарапынан орын алатын осындай әрекеттерге наразылық білдірген ол кез келген адамның денсаулығына немесе сыртқы келбетіне қарап келеке етуге ешкімнің хақы жоқ екенін қатаң ескертті.
Халық арасында кездесетін орынсыз сөздер мен әдепсіздіктерге тоқталып өтіп, Айман Талғатқызы желідегі парақшасында былай деп жазды:
«Осы «жартыбас» деген сөзді жиі жазады адамдар. Сонда қалай? Бір қолы, аяғы, көзі жоқтарды да солай «жарты қол», «жарты аяқ» деп атай аламыз ба? Бұл не деген көргенсіздік? Алла денсаулықпен сынамасын ешкімді. Өзгені кемсітіп, мазақ қылуға ешкімнің құқығы жоқ. Ешкім мүгедек, ауру немесе соқыр боламын деп ойламайды, болғысы да келмейді».