Тірі болсам, қазаққа қызмет етпей қоймаймын!

Әлихан Бөкейхан

"Бүкіл қазақ келіні таяқтан көз ашпай, тек қорлық көріп жатқандай күңірену бар''. Журналист қоғамдағы ер мен әйел қарым-қатынас туралы пікір білдірді

11:19, 22 тамыз 2026

Журналист әрі қоғам белсендісі Айгүл Болатханқызы әлеуметтік желідегі жазбасында қоғамдағы ерлер мен әйелдер арасындағы қарым-қатынас, отбасылық жауапкершілік және ұлттық құндылықтар мәселесіне қатысты пікірін білдірді, деп жазды Alash.kz ұлттық порталы.

Ол қоғамда ер адамдарды жаппай сынау мен әйелдердің отбасындағы қиындықтарын талқылау кезінде мәселеге біржақты қарамау қажеттігін айтты. Автордың пікірінше, отбасындағы жанжал мен зорлық-зомбылық мәселесінде ер адамның да, әйелдің де жауапкершілігіне назар аударған жөн.

- Еркек жауыз, оңбаған, жексұрын! Келісем. Еркегі көп, азаматы аз қазір. Еркек біткенді сыбап жатқан әйел атаулы осыдан бірнеше жыл бұрын шешендер бауыздап өлтіріп кеткен Нұрланды біле ме, жар-райды, дәл қазір түрмеде отырған жігіттерді ше? Біле ме? Олар жайлы айтып көріп пе? Құрысын, олар жайлы жақ ашпасын, күнде бір қазақтың жігіті игілікті іс жасап жатады, сол жайлы ше? Бүкіл қазақ келіні таяқтан көз ашпай тек қорлық көріп жатқандай күңірену бір бітпейтін. Ене оңбаған, қайын ата сұмырай! Күйеуіңнің қолы тисе, бас салып ұрып таста сен де! Ақылгөй қатындар, не жеп данышпан болдыңдар? Ұқпаймын. Қайталап айтам, небір жауыз еркек бар, жексұрыны жетеді. Ал қыздар ше? Оңбағаны жоқ деймісің? Толып жатыр. Күйеуі жұмыстан келгенде ыбырсыған үй, тамағы дайын емес, өзі телефон шұқып отырады. Не істеу керек ондай әйелді? Ұрып жықсын деген сөз жоқ менде. Ал не істеуге болады? Күйеуінің тапқанын оқсата алмай, кешке дейін “сүмелек”, “сорлыдан” басқаны айтуды білмейтін тілі он метр әйел жетеді. Сондықтан тоқтай қалайық осы жерден.
Небір мықты келіншектер бар. Қыз-қырқыннан қарағанда жігіттермен әңгімем жарасып тұрады, білесіңдер (қазір өзі өзімді өзім біліп-танымай жүргенде өмірі мені көріп, менімен бес минут тірідей әңгімелесіп көрмегендер жақсы білетін болды ғой), өз басым әуелі сол жігіттердің үйіндегі әйелдерін жақсы көрем, сыйлаймын, құрметтеймін. Неге? Өйткені ел алдында еңсесі түспей маңдайы жарқырап жан-жағына жылылық сыйлап жүрсе, ең әуелі үйіндегі әйелінің арқасы сол! Небір мықты әйелдерді білем мен! Небір суреттер бар, сол келіншектер жайлы жазатын болсам… Тіл мен сұқтан қорқам. Дандайсып кетуінен, бұзып алудан қорқам…
Кілең бір қорлық көріп, таяқтан көз ашпаған сорлы әйелдің оны-мұнысы жарияланып жатыр, ондайды оқыған сайын жаным ашып отыр, бір сәт тап солардан мың-млн есе бақытты екеніме көзім де жетті, бірақ… Бірақ осы керек пе? Түймедейді түйедей етіп ойбайлау? Содан саған біреу жақсы байын бере ме? Жалаңаштанбаған, жалаңаштамаған, жар салмаған нең қалды, қазақ әйелі? Білмеймін, қабылдай алмадым, - .деп жазды журналист.

Айгүл Болатханқызы жазбасында отбасындағы өзара сыйластықтың маңызын атап өтіп, ер азаматтың қоғамдық ортадағы беделі мен жетістігінің артында отбасының, соның ішінде жұбайының қолдауы тұратынын жазды.

Сонымен қатар ол әлеуметтік желілерде отбасындағы зорлық-зомбылыққа қатысты оқиғалардың кеңінен жариялануына байланысты өз ұстанымын білдірді. Автор мұндай жағдайларды қоғамға көрсету қажет болғанымен, мәселелерді әсірелеп көрсету мен отбасылық өмірдің жеке тұстарын жариялауға сын көзбен қарау керек деп есептейді.

Жазбасында Айгүл Болатханқызы ұлттық тәрбие, қазақ тілі, дәстүр-салт және ұлттық құндылықтарды қорғау мәселесіне де тоқталды. Ол қазақ қоғамында ұлттық мәдениет пен дәстүрді құрметтеуге бағытталған заңнамалық тетіктерді күшейту қажет деген пікір білдірді.

Автор қоғамдағы түрлі пікірлер мен өмір салтын таңдау еркіндігін мойындай отырып, қазақ халқының тіліне, дәстүріне, әдет-ғұрпына және ұлттық құндылықтарына құрмет болуы керек деген ұстанымын жеткізді.

Бұл мақала туралы не ойлайсыз?
Жарнама
Соңғы жаңалықтар