Белгілі продюсер Жан Мұқанов әнші Төреғали Төреәлі-дің концерттік және гастрольдік қызметі уақытша толық тоқтатылғанын ресми түрде мәлімдеді.
Продюсердің айтуынша, мұндай шешімге Павлодар қаласында өткен оқиға себеп болған. Онда әнші ипподромның ресми ашылу салтанатына келмей, келісілген міндеттемелерін орындамаған.
Осы жағдайдан кейін продюсерлік орталық жоспарланған барлық концерттерді, соның ішінде Алматыдағы қала күніне арналған іс-шаралар мен күзге жоспарланған халықаралық турды да тоқтатқан.
Жан Мұқанов бұл туралы былай деді:
«Бүгіннен бастап әртіс Төреғали Төреәлі өзінің концерттік және гастрольдік қызметін тоқтатады. Арнайы шешім шыққанға дейін ол сахнаға шықпайды», – деп мәлімдеді ол.
Сондай-ақ продюсер Шымкентте өткен концерттің продюсерлік орталықпен келісілмегенін және рұқсатсыз ұйымдастырылғанын да атап өтті.
Оның айтуынша, барлық қаржылық және келісімшарттық мәселелер жеке тәртіпте реттеліп жатыр.
Продюсерлік орталықтың мәліметінше, «Төреғали Төреәлі» брендіне қатысты құқықтар да уақытша олардың бақылауында қалады.
Өз сөзінде Жан Мұқанов өнер иесіне қиын кезеңнен өтуіне тілек білдіріп, жағдайға өкініш танытты.