Тірі болсам, қазаққа қызмет етпей қоймаймын!

Әлихан Бөкейхан

Бүгін – Ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлының туған күні

10:21, 05 қыркүйек 2025 169

Бүгін – қазақ халқының ұлы перзенті,қоғам қайраткері, тіл мен әдебиет саласының реформаторы, ұлттық руханияттың шырақшысы, «Ұлт ұстазы» атанған Ахмет Байтұрсынұлының туған күні, деп хабарлайды Alash.kz.

Ахмет Байтұрсынұлы 1872 жылы 5 қыркүйекте Қостанай облысы, қазіргі Жангелдин ауданына қарасты Сарытүбек ауылында дүниеге келген. Ол қазақ тіл білімінің негізін қалаушы, әліпби реформаторы, алғашқы оқулықтардың авторы ретінде тарихта қалды. ХХ ғасырдың басында жасаған төте жазуы арқылы қазақ халқы сауат ашып, ғылым-білімге даңғыл жол салды.

Ғалымның қаламынан туған «Тіл-құрал» – қазақ тілінің тұңғыш оқулығы. Бұл еңбек қазіргі қазақ тілі оқулықтарының іргетасы болды. «Тіл-құрал» қазақ тіл білімінің барлық тарауын жүйелеп, ғылыми негізін салған зерттеу ретінде бағаланды. Одан өзге Байтұрсынұлы ақын, аудармашы, әдебиеттанушы ретінде де ұлт мәдениетінде өшпес із қалдырды.

1923 жылы Ахмет Байтұрсынұлының 50 жасқа толған мерейтойы Орынбор мен Ташкент қалаларында салтанатты түрде аталып өтті. Сол кезеңде Смағұл Сәдуақасов, Сәкен Сейфуллин, Мұхтар Әуезов, Міржақып Дулатов, Елдес Омаров сынды замандастары оның еңбегін ерекше жоғары бағалап, баспасөз беттерінде мақалалар жариялады.

1937 жылғы сталиндік қуғын-сүргін кезінде атылғанымен, есімі халық жадынан өшкен жоқ. 1988 жылдан бастап ақталды. Сол кезден бері Қазақстандағы көптеген көше, мектептерге Байтұрсынұлының есімі берілді. Тіл білімі институты мен Қостанай университеті де ғалымның атымен аталады. 1998 жылы туғанына 125 жыл толуына орай Алматыда республикалық ғылыми конференция өтіп, Ахмет Байтұрсынұлының мұражай-үйі мен ескерткіші ашылды.

2017 жылы Қазақстан Үкіметі «Қазақстан Республикасындағы мереке күндер тізбесін бекіту туралы» қаулы қабылдап, Қазақстан халқы тілдері күнін 22 қыркүйектен 5 қыркүйекке ауыстырды. Бұл шешім Ахмет Байтұрсынұлының туған күнімен тікелей байланысты. Осылайша қазақ тілінің дамуы мен ғылымдағы орнына өлшеусіз үлес қосқан ғалым еңбегі мемлекеттік деңгейде мойындалды.

Ахмет Байтұрсынұлының мұрасы – азаттық пен білімнің, руханият пен ұлттық құндылықтардың мәңгілік бейнесі. Ұлт ұстазының өмір жолы – бүгінгі ұрпаққа өнеге, келер ұрпаққа аманат.

Бұл мақала туралы не ойлайсыз?
Жарнама
Соңғы жаңалықтар