Бүгін - Мұхтар Әуезов атындағы Қазақ ұлттық драма театрының құрылғанына 100 жыл, деп хабарлайды Alash.kz.
Алғаш іргетасын сол кездегі қазақ астанасы Ақмешітте тіктеген театр 1926 жылдың 13 қаңтарында ресми түрде шымылдығын Әуезовтің аты аңызға айналған «Еңлік-Кебегімен» түрді.
Заман алмасып, астана көшкен шақта Алатау баурайына туын тіккен әкем театр бүгінге дейін талай-талай, қадау-қадау сахна саңлағының ел алдында жұлдызын жағып, өнерін өрлетті.
Ғасыр бойы қазақтың мұң-мұқтажын, мәдениет-әдебиетін киелі сахнада сомдап келген Әуезов театры 2020 жылы ҚР Президенті жарлығымен «Ұлттық» мәртебесін иеленді.
Тұтас алаш жұртының мерейлі тойына ҚР Премьер-министрінің орынбасары – мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева ақжарма тілегін жаудырды:
Қазақ руханиятының қара шаңырағы – Мұхтар Әуезов атындағы Ұлттық драма театрының 100 жылдық мерейтойымен баршаңызды құттықтаймын!
Ғасыр бұрын «Еңлік-Кебекпен» ашылған қасиетті шымылдық содан бері талай дәуірді артқа тастап, ұлттың тағдырлы кезеңдерін, арман-мұратын сахна тілімен сөйлетіп келеді. Киелі сахнада қазақ драматургиясының інжу-маржанына айналған «Абай», «Қобыланды», «Қарагөз», «Айман – Шолпан» және өзге де туындылар сахналанды.
Өнер ошағы Алматыға қоныс аударып, 1937 жылы академиялық мәртебе алды, кейін оған Мұхтар Әуезовтің есімі берілді. Бүгінде «Ұлттық» мәртебеге ие театр әлемдік мәдени кеңістікке батыл қадам жасап келеді. Театр бүгінде ұлт өнерін өркендетіп, дәстүр сабақтастығын сақтап, үлкен шығармашылық орда қалыптастырып отыр.
Театр ұжымына зор денсаулық, шығармашылық шабыт, өнер жолында жаңа жетістіктер тілеймін!