Көкшетауда орын алған қайғылы жол апатынан кейін жергілікті тұрғындар балаларының қауіпсіздігі үшін дабыл қағуда, деп жазады Alash.kz.
Әйел адамның өмірін қиған оқиғадан соң аула тұрғындары биліктен жол қозғалысын реттеуді және қауіпсіздік шараларын күшейтуді талап етіп отыр. Олардың айтуынша, үш бірдей көпқабатты үйге баратын жалғыз ғана тар жол бар, бұл жағдай ауланы көлік кептелісі мен қауіпті аймаққа айналдырған.
Тұрғындар бұған дейін де жауапты органдарға бірнеше рет шағымданып, жасанды жол кедергілерін орнатуды және қосымша кіреберіс ашуды сұрағандарын айтады. Алайда бұл өтініштердің барлығы нәтижесіз қалған. Күн сайын жүздеген көлік өтетін тар аулада балалардың еркін ойнауы мүмкін болмай отыр.
Аула тұрғындары қалыптасқан жағдайға қатысты мынадай пікір білдірді:
«Біз қауіпті жағдайда өмір сүріп жатырмыз, себебі барлық көлік бір ғана кіреберіс арқылы өтеді. Балаларымыз аулада ойнайды, жанында ойын алаңы бар, бірақ мұнда қауіпті. Бұған дейін де апаттар болған, бірақ адам өлімі тіркелмеген еді. Енді бір бала анасынан айырылып отыр».
Қазіргі уақытта Көкшетау жұртшылығы бұл мәселенің тезірек шешілуін және аула ішіне жарық шамдары мен жылдамдықты шектейтін белгілер қойылуын талап етуде.