Жазушы, журналист Бақытгүл Сармекова Дархан Әбдіктің соңғы берген сұхбатына қатысты пікір білдірді, деп хабарлайды Alash.kz.
Ол бұл туралы Facebook желісінде жазды.
Алдыңгүні ұзақ жүгіріп келе жатып жұрт шулап талқылап жатқан Дархан Әбдіктің подкастін тыңдап шықтым да, сол кісіні “Зиялы өкіл, ақылды, білімді адам, қайраткер” деп жатқандарға таңғалдым. “Білімді жастарға айтарым бұл елде қалмаңдар, мен кетіп қалуым керек еді, бірақ тым кеш” дейді. Тым кеш болатындай еңкейген шал емес, бойында күш-қуаты, мына сөздерді айта алғанына қарағанда демек, әлі миы жақсы жасап тұр. Өзінің біліміне, қайраткерлігіне, мына елге өткізе алмаған зияткерлігіне сенімді болса қазір-ақ неге кетіп қалмайды басқа жаққа? Егер айтқан сөзіне сенімді болса?! Ахмет Байтұрсыновтың қазақ жеріне ана ғасырдың жиырмасыншы жылдары “Қазақ” радиосын ашар кезде жоқтан бар жасаған қиындықтарын Астанаға барғанда Àsel Asqarqyzyнан естіп таңғалғанмын. Мектеп ашқан, оқулық жасаған, молданың алдынан баланы тартып алып мектепке сүйреген, аурухана ашқан, жаңадан ғылымның негізін салған, жердің астын-үстін зерттеген солардан ұялдым Дәкеңнің сөзі үшін. Боқ бітірмей-ақ бөсуге әуеспіз. Биліктің де, қоғамның да ақсақ тұстарын Дархан сияқты мен де білемін, кез келген “Яндекстегі” шөпірің де біледі, оған кездескен әділетсіздікпен әрқайсымыз да бетпе бет келіп жатырмыз, әркім хал қадірінше айтып-ақ жатыр. Тек біз ойымызды жүйелі, әдемі, дөп басып жеткізе алатын тіліміз жоқ шығар. Менің де ашынатын, қоғамға көңілім толмайтын, билікке де риза емес тұстарым өте көп. Ертең жақсы болады деп ойлап отырып, бір сәтте үмітім тас талқан болатын сәттер де жиі. Бірақ бізді сыртта күтіп отырған ешкім жоқ. Өз жарамызды өзіміз қаси береміз. Қазіргі жастарға Дархан Әбдіктің сөзі ұнайды, себебі шыбық тимес шыңқ етерлер көп. Бітпеген істің жауапкершілігін біреуге арта салған әлдеқайда оңай ғой”,- деді ол.