Тірі болсам, қазаққа қызмет етпей қоймаймын!

Әлихан Бөкейхан

«Болжам жасауға құқығым жоқ»: Энергетика министрі газ нарығындағы баға туралы тың мәлімдеме жасады (ВИДЕО)

13:37, 28 қаңтар 2026

Еліміздің Энергетика министрлігі газ нарығындағы бағаны реттеуге қатысты ағымдағы ахуал мен алдағы жоспарларына түсінік берді, деп хабарлайды Alash.kz. 

Ведомство басшысы Ерлан Ақкенженовтің айтуынша, газ құю станцияларындағы құнның өсуін тежеу мақсатында енгізілген мораторий мемлекеттің батыл қадамы болған. Бұл шара нарықтық механизмдердің еркін әрекетін уақытша тоқтатуға мүмкіндік берді.

Алайда, аталған шектеу шарасының мерзімі 31 наурызда аяқталмақ. Министр Мәжіліс кулуарында алдағы уақытта жағдайдың қалай өрбитіні ішкі сұраныс пен ұсынысқа тікелей байланысты болатынын мәлімдеді. Ол өз сөзінде былай деді:

«Біз бұл баға өсімін, нарықтық механизмдерді ерікті шешіммен тоқтаттық. Егер 31 наурыздан кейін үкімет газ құю станцияларының қызметіне бұдан былай араласпайды және нарық заңдылықтары жұмыс істейді деген шешім қабылданса, онда ішкі сұраныс пен ішкі ұсыныс алдағы жағдайды қалыптастыратын болады».

Сонымен қатар, Ерлан Ақкенженов ведомствоның соңғы бір жылға жуық уақыт бойы бағаны тікелей реттеумен айналыспағанын қадап айтты. Министрлік 2025 жылдың 1 ақпанынан бастап нарықтық үдерістерге араласпай келеді. Дегенмен, мемлекет бағаның күрт шарықтауына жол бермейтініне кепілдік беріп отыр.

«Министрлік 2025 жылдың 1 ақпанынан бастап нарықты реттеумен айналыспайды. Міне, іс жүзінде бір жыл болды. Сонымен қатар, біз бағаның ешқандай күрт өсуіне жол бермейміз - бұл нарықтың қазіргі күйіне сәйкес келетін болады», - деп толықтырды ол.

Қазіргі таңда мораторий әлі де күшінде, сондықтан сәуір айынан бастап енгізілетін нақты өзгерістер туралы нақты шешімдер әлі жарияланған жоқ. Министр қазіргі уақытта мораторийдің әлі де әрекет етіп тұрғанын, ал одан кейінгі кезең туралы болжам жасауға әлі ерте екенін айтып түйіндеді.

«Кешіріңіз, менің болжам жасауға құқығым жоқ, өйткені мен Ванга емеспін. Бірақ нақты айта алатыным: қазіргі уақытта мораторий әрекет етіп тұр. Ол енгізілген кезде біз бағаның өсуін батыл шешіммен тоқтатып, нарықтық механизмдерді іс жүзінде уақытша тоқтаттық», - деді ол.


 

Бұл мақала туралы не ойлайсыз?
Жарнама
Соңғы жаңалықтар