Алматы қаласындағы Әл-Фараби даңғылында үш адамның өмірін қиған резонанс тудырған жол апаты бойынша қылмыстық іс сотқа жолданды. Бұл туралы жәбірленуші тараптың адвокаты Олег Чернов мәлімдеді, деп хабарлайды Alash.kz.
Адвокаттың айтуынша, сотқа дейінгі тергеу аяқталған. Алдын ала сот отырысы 28 мамыр күні сағат 15:00-де Алматы қаласының Қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотында өтеді.
Еске салайық, қайғылы жол апаты 21 наурызға қараған түні Әл-Фараби даңғылы мен Меңдіқұлов көшесінің қиылысында болған. Mercedes және Zeekr автокөліктері соқтығысып, салдарынан Mercedes көлігінің 29 жастағы жүргізушісі мен 20 және 22 жастағы екі жолаушы қыз оқиға орнында көз жұмған.
Zeekr жүргізушісі түрлі жарақатпен ауруханаға жеткізілген. Тергеу мәліметінше, апат кезінде оның мас күйде болғаны анықталған. Оған қатысты Қылмыстық кодекстің 345-бабы 4-бөлігі бойынша іс қозғалған. Аталған бап бойынша 10 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған.
Сонымен қатар бұл іске байланысты полиция қызметкерінің әрекетсіздігі бойынша да бөлек қылмыстық іс тергеліп жатыр. Ішкі істер министрлігінің мәліметінше, Алматы полиция департаменті басшыларының бірінің жүргізушісі уақытша ұстау изоляторына қамалған.
Оқиғадан кейін әлеуметтік желілерде жол апатына көше жарысы себеп болуы мүмкін деген болжам тараған. Кейбір мәліметтерде жарысқа полиция қызметкерлерінің қатысы болуы ықтимал екені айтылған.
Осы жағдайдан кейін Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігі қызметтік тексеру жүргізіп, Алматы полиция департаментінің бірнеше басшысын қызметінен босатты. Олардың қатарында жол қауіпсіздігіне жауапты басшылар да бар.
Сонымен бірге мемлекеттік нөмірлік белгілердің заңсыз берілуі мүмкін деген күдікке байланысты да қылмыстық іс қозғалған.