Марқұм Болат Назарбаевтың ұлы Ханболат Астанадағы сот шешімімен бұзылуға міндеттелген құрылыс нысанын ағасы Данияр Кесікбаевқа сыйға тартты, деп хабарлайды Alash.KZ Nege.Aqsha арнасына сілтеме жасап.

Айта кетелік, былтырғы жылдың 20 ақпанда Әкімшілік құқықбұзушылық жөніндегі ауданаралық сот Болат Назарбаевтың Майра Құрманғалиевадан туған ұлына Астанадағы Тәуелсіздік даңғылының бойындағы ойын-сауық орталығын заңсыз салғаны үшін 103 500 теңге айыппұл салған.

Ханболат Назарбаев бұл учаскені 2020 жылы ақпанда кәмелетке толуына орай сый ретінде алған. Осылайша бұрын бұл жерде орналасқан қонақүй кешенін бұзып, оның орнына сауда ойын-сауық орталығын құрылыс рұқсатынсыз және алдын-ала ескертусіз жүргізе бастаған.

Сот экс-президенттің (Нұрсұлтан Назарбаевтың — еск.) немере інісіне айыппұл төлетіп қана қоймай, заңсыз құрылысты бұзуға міндеттеген еді. Ханболат Назарбаев бұл шешімге қарсылық білдіріп, ғимаратты бұзбауға рұқсат сұрағанымен, қалалық сот оның өтінішін қабылдамаған.

Жақында белгілі болғандай, Ханболат Назарбаев бұл нысанды өз ағасы Данияр Кесікбаевқа сыйға тартқан. Ағайындылар бір анадан туған, алайда әкелері  бөлек

Астана қаласының орта сапасы және бақылау басқармасының басшысы Ғани Тәжиевтің айтуынша, ғимаратты мәжбүрлеп бұзу туралы қаулы ҚР Әділет министрлігінің Астана қаласындағы Әділет департаментіне жіберілген.

Департаменттің мәліметінше, Ханболат Назарбаев бұл нысанды Данияр Кесікбаевқа сыйға тарту шартын рәсімдеген. Осыған байланысты басқарма сыйға тарту шартын заңсыз деп тану туралы талап-арыз жолдаған. Басқарма бұл әрекетті сот шешімін орындаудан жалтару деп санап, оны заңсыз деп тануды талап етуде.

Ханболат Назарбаев меншік иесін ауыстыру арқылы сот шешімін орындауды қиындату немесе оны соза түсуді жоспарлап отырған сияқты. Сыйға тарту шартын жаңа меншік иесіне байланысты сот арқылы қайта қарау – процесті созудың ықтимал тәсілі.

Ханболат Назарбаев 22 жасында бірнеше компанияның құрылтайшысы болып үлгерген. Олардың қатарында Newkazgroup development және Аманат-building құрылыс фирмалары, Imexpharma фармацевтикалық компаниясы және BN HAN invest group инвестициялық фирмасы бар.