2025 жылы «Болашақ» бағдарламасы 801 үміткердің талапқа сай келмейтініне қарамастан, негізсіз шәкіртақы тағайындаған, деп жазады Alash.KZ бағдарламаға аудит жүргізген Жоғары аудиторлық палатаның (ЖАП) қорытындысына сүйеніп.
Жалпы 800 адамды оқытуға 7,7 млрд теңге жұмсаған. Оның ішінде тізімдегі 340 адам мемлекет үшін басым мамандықтар тізіміне кірмейтін салалар бойынша оқуға стипендия алған.
Бекітілген лимиттен тыс тағы 151 стипендия артық берілген. Аудиторлар бұл шығынды 2,5 млрд теңге көлеміндегі «тиімсіз жұмсалған қаражат» деп бағалады.
Аудиторлық тексеріс Президенттің тікелей тапсырмасымен «Жасанды интеллект» (AI) бағыты бойынша жоспарланған гранттардың игерілмей қалғанын көрсетті. Бұл мамандыққа арнайы 54 стипендия бөлінгенімен, оның 49-ы басқа мамандықтарға қайта жұмсалған.
ЖАП шәкіртақы иелерінің бір-біріне кепілгер болған 71 жағдайды анықтады. Мұндай өзара міндеттемелердің жалпы сомасы 876,9 млн теңгені құраған. Бұл шәкіртақы алған адамдардың бірі елге қайтпай, өз міндеттемесін орындамаса, оның қарызын кепіл болған екінші адам төлеуге мәжбүр болады деген сөз.