ҚМА-ның Астана қаласы бойынша департаменті заңсыз кәсіпкерлік және қылмыстық жолмен алынған қаражатты заңдастыру деректері бойынша блогерлер Ерболат Жанабылов пен Эльмира Төлегеноваға қатысты сотқа дейінгі тергеп-тексеруді аяқтады, деп жазады Alash.KZ.
Тергеу мәліметінше, Instagram желісінде миллиондаған аудиториясы бар ерлі-зайыптылар 2025 жылы онлайн-курстарды сату сылтауымен заңсыз схема ұйымдастырған. Курстар нақты білім бермеген, ал негізгі мақсат — қымбат сыйлықтар ұтысына қатысу болған. Бұл әрекеттер заңсыз лотерея қызметін жасыру үшін пайдаланылған.
Жүлде қоры қатысушылардан жиналған қаражат есебінен қалыптастырылғаны және электронды ұтыс жүйесінің параметрлері әдейі өзгертілгені анықталды. Сондай-ақ жарияланған автокөлік ұтысының жеңімпазы іс жүзінде анықталмаған.
Нәтижесінде «Zhana Business» ЖШС шоттарына 247,5 млн теңге түскен, оның 60 млн теңгесі депозиттерге орналастырылған.
СОТ ШЕШІМІ
Сот санкциясымен 17 iPhone, Lamborghini Urus пен Lexus LX 600 қоса алғанда 10 автокөлікке тыйым салынды. Күдіктілерге үйқамақ түріндегі бұлтартпау шарасы таңдалды. Қазір олар іс материалдарымен танысып жатыр.