Экономист Марат Қайрленов Қазақстан ауқымды бизнес көші қаупінің алдында тұрғанын айтты. Оның сөзінше, отандық кәсіпкерлер көрші Өзбекстан мен Қырғызстанға қоныс аудара бастайды, ал ел ішінде бірқатар компаниялар қызметін тоқтатуы мүмкін, деп жазады Alash.KZ Ulysmedia.kz сайтына сілтеме жасап.
Сарапшының пікірінше, жаңа Салық кодексінің кері әсері алдағы бірнеше айда анық байқалады. Қазірдің өзінде халықтың нақты табысы төмендеп келеді. Осыған байланысты Қайрленов үкіметті даулы нормаларды уақытша тоқтатып, бизнесті сақтап қалуға әлі де мүмкіндік бар екенін ескертеді.
Экономистің айтуынша, егер компаниялар жаппай жабыла бастаса, билік бұл қателікті тек маусым айына қарай ғана түсінуі ықтимал. Алайда ол кезде жағдайды түзету қиынға соғады.
— Кәсіпорындар жаппай жабылған сәтте үкімет маусымда «қателестік» деп мойындауы мүмкін. Бірақ сол кезде жабылған компанияларды қайта қалпына келтіру мүмкін болмайды. Егер бизнес Өзбекстанға немесе Қырғызстанға кетсе, оларды тез арада кері қайтару қиын. Сенім бір күнде орнына келмейді. Ал адамдар жұмыссыз қалып, несиелерін өтей алмай қалады. Біз неге қазір дабыл қағып отырмыз? Себебі дәл осы сәтте шешім қабылданбаса, қайтарылмайтын үдерістер басталады. Қазірдің өзінде нақты табыс төмендеді, ал алдағы бір-екі тоқсанда бұл үрдіс күшейе түседі, — деді Марат Қайрленов TengeTalks алаңына берген сұхбатында.