Премьер-министрдің орынбасары, Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева еліміздегі барша аналарды мерекелерімен құттықтады, деп жазады Alash.kz.
Ол өз жолдауында бұл күннің махаббат пен шынайы мейірімге толы екенін айтып, аналар қауымына деген шексіз құрметін жеткізді. Министр ана махаббатын әлемдегі ең адал сезім ретінде сипаттады.
Министр өз құттықтауында ананың қоғамдағы және әр адамның өміріндегі рөліне ерекше тоқталып өтті. Оның айтуынша, бұл мереке тек күнтізбедегі күн емес, бұл — өмір сыйлаған жандарға тағзым етудің және алғыс айтудың мүмкіндігі.
Аида Балаева өз құттықтауында былай деді:
«Бұл — махаббатқа, алғыс пен құрметке толы ерекше әрі нағыз жылы мереке. Бұл күн бізге өмір, махаббат пен қамқорлық сыйлайтын жандарға арналады».
Мемлекет тарапынан аналар мен балаларды қолдауға бағытталған шаралар жалғаса беретінін атап өткен министр, әрбір отбасына бақ-береке мен амандық тіледі. Сондай-ақ ол аналардың еңбегі мен төзімділігі еліміздің жарқын болашағының кепілі екенін тілге тиек етті.