Әзербайжан президенті Ильхам Әлиев Ақтауда орын алған қайғылы оқиға кезінде зардап шеккендерге жан-жақты көмектесіп, қолдау көрсеткен Қазақстан халқына шексіз ризашылығын білдірді. Бұл туралы minval.az хабарлады, деп жазады Alash.kz ұлттық порталы.
"Олар өз өмірлерін қатерге тікті, себебі келесі жарылыстың болатынын немесе болмайтынын білмеді. Ұшақтың бір бөлігі өртеніп жатты, екінші бөлігі де жанып кетуі мүмкін еді. Бірақ соған қарамастан олар нағыз ерлік көрсетті. Бұл ретте медицина қызметкерлерінің еңбегі өте құнды болды. Зардап шеккен жолаушылар дереу медициналық мекемелерге жеткізілді. Бұл үшін мен президент Тоқаевқа да ризашылығымды білдірдім. Қазақ бауырларымыздың ынтымағы, мен білетіндей, әзірбайжан халқының жүрегінде терең із қалдырды. Қарапайым азаматтар Ақтаудағы елшілігімізге гүл шоқтарын қойып, бізге деген көзқарастары мен ынтымақтастығын білдірді. Міне, нағыз достық пен бауырластық.
Біз халықаралық сараптаманы қолдаймыз және бұл мәселені мемлекетаралық авиациялық комитеттің құзырына бере алмаймыз. Бұл ұстаным түсіністікпен қабылданды. Әрине, біздің мемлекеттік органдардың өкілдері, комиссия мүшелері мен басшылары, прокуратура өкілдері үнемі байланыста. Қазақстан да өз кезегінде мемлекеттік комиссия құрды, бұл туралы маған әңгіме барысында президент Тоқаев айтты. Олар, әрине, қызығушылық танытып, болған оқиғаның барлық мән-жайын анықтауға тырысуда.
Осы ретте мен президент Тоқаевқа қайғылы оқиға салдарынан Қазақстанның алты азаматы қаза тапқанына байланысты көңіл айттым. Ол да маған көңіл айтты. Бұл оқиға қаншалықты қайғылы болғанымен, бұл да бір сынақ. Бұл жағдай әр тараптың қалай әрекет ететіні жөніндегі сынақ. Мен осы қайғылы жағдайға қарамастан, Қазақстан да осындай пікірді ұстанатынына сенімдімін. Біздің достығымыз бен бауырластығымыз осы ауыр сынақтан кейін күшейе түсті", - деді Ильхам Әлиев Әзербайжан телеарнасына берген сұхбатында.