Бұған дейін әлеуметтік желіде резонанс тудырған Танагөз Толқынқызы тағы бір өткір жазбасын жариялап, қоғамдағы құндылықтар, әділетсіздік және ұлттық сана мәселесі туралы жазды, деп хабарлайды Alash.KZ.
Автор жазбасын «Біз неге бақытсыз ұлтпыз?» деген сұрақпен бастап, елдегі моральдық дағдарысқа назар аударады.
«Өкінішке қарай, бізде сатылмайтын адам жоқ. Бәрінің мойнында бағасы жазылған бирка тұр. Біреуінің құны – алып жүрген жалақысы, біреуінің құны – бес күндік креслосы, біреуінің құны – кәсібі, біреуінің құны – тендер», – деп жазады ол.
Оның пікірінше, қоғамда ар-ұят пен өзін-өзі құрметтеу әлсіреген, ал өзгеріс жасауға деген дайындық жоқ.
«Өзгеріс сен өлуге дайын болғанда келеді. Бірақ ешкім өлгісі келмейді. Яғни өзгеріс ешқашан келмейді деген сөз», – дейді автор.
Сондай-ақ ол тарихи тұлғаларды мысалға келтіріп, өткен ұрпақтың күресі мен қазіргі қоғамның айырмашылығын көрсетеді. Атап айтқанда, Әлихан Бөкейхан, Ахмет Байтұрсынұлы сынды қайраткерлердің құрбандығы еске алынады.
Автор Махатма Гандидің өмір жолына тоқталып, оның зорлықсыз қарсылық философиясын ерекше атап өтеді. Гандидің «Сатьяграха» қағидаты – ақиқат пен әділет үшін бейбіт күрес жүргізу – бүгінгі қоғамға үлгі ретінде ұсынылады.
«Ол әлемді күшпен емес, ар-ождан арқылы жеңді», – деп жазады автор.
Танагөз Толқынқызы қазіргі қоғамда да сондай табандылық пен принциптің жетіспейтінін айтады. Әсіресе, қазақ тілінің мәселесіне ерекше тоқталады.
«Ал сенің ұлы жорығың – қазақ тілінде сөйлеу. Махаббатпен сөйлеу. Табанды түрде сөйлеу. Принципті түрде сөйлеу. Сол тілде сөйлеуге именбей, намыстанбай сөйлеу», – дейді ол.
Автордың пікірінше, әр адам өзгерісті өзінен бастауы керек, әйтпесе қоғамдағы жағдай өзгермейді.
Желі қолданушылары бұл жазбаға белсенді пікір білдіріп, бірі қолдау көрсетсе, енді бірі автордың ойымен келіспейтінін жеткізген. Dalanews.kz жазғандай, жазба қоғамдағы өзекті мәселелерді тағы бір мәрте күн тәртібіне шығарды.