Қазақ эстрадасының танымал өкілі Роза Әлқожа өнер иелерінің әлеуметтік желідегі мүлде мінсіз болып көрінетін бейнесі мен шынайы тұрмыс-тіршілігі арасындағы айырмашылықты жасырмай бөлісті, деп хабарлайды Alash.kz.
«Kezdesu» бағдарламасына берген сұхбатында әнші оқырмандар мен тыңдармандардың өнер адамдары туралы қалыптасқан жаңсақ түсініктерін сөз етті. Халықтың басым бөлігі өнерпаздарды үлкен концерттерден кейін мол қаржыға кенеледі деп топшылағанымен, шын мәнінде олардың тұрмыстық жағдайы сырттай қарағандағыдай жарқырап тұрған жоқ.
«Көбісі әншілерді концерттен көп ақша табады деп ойлайды. Жалпы, біз баймыз. Ақша, дүние жағынан емес. Алла тағала жұрттың бәріне ақындық, сазгерлік беріп жатқан жоқ. Сол жағынан баймыз. Әйтпесе, кредиттен кредитке жүргеніңді ешкім білмейді. Мен кредитсіз өмір сүре алмаймын», — деді Роза Әлқожа.
Сонымен қатар әнші әлеуметтік желі беттеріндегі жылтыраған контенттің адамның толық өмір жолын көрсете алмайтынын, көп жағдайда өнер иелері оқырмандарға ұнау үшін ғана әрекет ететінін жеткізді.
«Біз ашылып сұхбат бермейміз, көбіне өтірік сөйлейміз. Керемет жанұя болып көрінеміз, тек жылтыраған жағын саламыз. Жұрттың бәріне ұнағымыз келеді», — деп ағынан жарылды ол.
Десе де, эстрада жұлдызының пайымынша, соңғы уақытта қоғам жасанды бояудан жалығып, шынайы әрі табиғи болмысқа қайта бет бұра бастады.
«Жасандылықтың бәрі қалып бара жатыр. Бұрынғыдай жасанып киінбейміз, боянбаймыз. Өйткені адамзат жасандылықтан шаршайды. Табиғи дүниелерге қайтып келе жатырмыз», — деп сөзін түйіндеді орындаушы.