Танымал актер Олжас Абай бұрынғы отбасымен арадағы қарым-қатынасы, ел арасында тараған қауесеттер және жеке өміріндегі соңғы өзгерістер туралы ашық сыр шертті, деп хабарлайды Alash.kz.
Бұрынғы жұбайы Аймира Аманнан екі бала сүйген актер қазіргі таңда экс-жарымен арада ешқандай түсініспеушілік жоқ екенін атап өтті. Ол әкелік парызын толық орындап отырғанын жеткізіп, бұрынғы отбасымен қарым-қатынасты былайша баяндады:
«Барлығы жақсы. Осындай дүние, осындай той жасап отырып, бір жағым жақсы, екінші жағым ақсап тұрған жоқ. Бәрі реттеулі. Әкелік парызым, бәрі өз орнымен. Ол жақта ешқандай қиындық жоқ», — деді Олжас Абай.
Сонымен қатар өнер иесі ел арасында тараған «біреудің әйелін тартып алды» деген сөздерге нүкте қойып, бұл қадамға бармас бұрын барлығы сарапталғанын айтып, өз позициясын түсіндірді:
«Бұл біріншіден, дұрыс емес ұғым. Біреудің әйелін тартып алудан Құдай сақтасын. Егер шын мәнінде солай болса, біреу келіп айтар еді. Бетіме ешкім айтпаған соң бұл сөз дұрыс емес. Бәрі ретімен, уақытымен, сараптала келген дүние. Біреудің ойымен тұжырым жасай салу ұят болады. Бұл жерде ұят болатындай іс болған емес», — деп жауап берді актер.
Сөзін жалғастырған Олжас Абай жақында ғана бас қосқан жары актриса Дариға Бадықованы анасының өте жылы қабылдағанын жасырмады. Ол отбасының қуанышын жеткізе отырып, сөзін былайша түйіндеді:
«Үйдегілер расымен де қуанып отыр. Себебі, анамның қуанатынындай бар. Көшеде жүріп қалғаныма біраз уақыт болып қалыпты. Кейінгі уақыттары жалғыздықтан ұялып, тіпті достарымның тойына да бармайтын болған едім», — деді Олжас Абай.