Тірі болсам, қазаққа қызмет етпей қоймаймын!

Әлихан Бөкейхан

Бибігүл Жексенбай жаңа қызметке тағайындалды

21:16, 22 қазан 2026

Журналист Бибігүл Жексенбай «Қазақстан» республикалық телерадиокорпорациясы басқармасы төрағасының орынбасары қызметіне тағайындалды. Бұл туралы ProKadry.kz порталы 2026 жылғы 22 қазанда хабарлады, деп жазады Alash.kz

Бибігүл Нұрғалиқызы Жексенбай 1971 жылғы 2 желтоқсанда дүниеге келген. Ол әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің журналистика факультетін бітірген. Сонымен қатар Абылай хан атындағы Қазақ халықаралық қатынастар және әлем тілдері университетінде білім алған.

Еңбек жолын журналистика саласынан бастаған. 1990-жылдары «Спорт» және «Жас Алаш» басылымдарында қызмет еткен. Кейін «Хабар» агенттігінде тілші, продюсер және Астанадағы орталық бюро директорының орынбасары лауазымдарын атқарған.

2007–2008 жылдары «Қазақстан» республикалық телерадиокорпорациясында ақпараттық-талдамалық бағдарламалар дирекциясын басқарды. Одан кейін «Жетінші арнада» жетекшілік қызметтерде жұмыс істеп, 2019 жылы «Астана» телеарнасының бас директоры болып тағайындалды.

Бұдан бөлек, Бибігүл Жексенбай Сенат төрағасының бұқаралық ақпарат құралдарымен байланыс жөніндегі кеңесшісі қызметін атқарған. 2023 жылғы қаңтардан 2026 жылғы 1 шілдеге дейін Астана қаласынан сайланған Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының депутаты болды.

Сондай-ақ ол Ұлттық құрылтай төрағасының орынбасары және Қазақстан Азаматтық альянсының басшылық құрамында қызмет атқарған.

Жаңа тағайындау Бибігүл Жексенбайдың журналистика, медиа басқару және мемлекеттік қызмет салаларындағы тәжірибесімен байланысты.

Бұл мақала туралы не ойлайсыз?
Жарнама
Соңғы жаңалықтар