BI Group құрылыс саласындағы инновациялық шешімдерді іздеуге бағытталған Startup Battle байқауының финалын өткізді, деп хабарлайды Alash.kz.
Жобаға Қазақстанмен қатар Оңтүстік Корея, Ресей және Өзбекстаннан 300-ден астам стартап пен технологиялық команда өтінім берген.
Іріктеу қорытындысы бойынша 24 жоба финалға жолдама алды. 24 тамызда командалар Алматыдағы MOST IT Hub алаңында BI Group сарапшылары алдында өз әзірлемелерін таныстырды.
Байқаудың басты мақсаты – тек жаңа технологияларды анықтау емес, құрылыс саласындағы нақты мәселелерді шешуге қабілетті және тәжірибеде қолдануға болатын жобаларды табу.
Финалистер жобалау және басқару, архитектура, 3D-баспа, цифрлық егіздер, өндірістік қауіпсіздік, логистика, аналитика, компьютерлік көру, дрондар және басқа да бағыттар бойынша шешімдерін ұсынды.
BI Group-тың деректер және жасанды интеллект жөніндегі IT-директоры Дмитрий Синицаның айтуынша, компания жаңа технологиялар мен стартаптарды тұрақты түрде зерттеп, оларды жұмыс процестеріне енгізу мүмкіндігін қарастырады.
Оның сөзінше, BI Group-тың IT-командасында 300-ге жуық әзірлеуші бар. Алайда жаңа идеялар мен гипотезалар көбіне стартаптарда жылдам пайда болып, тезірек сынақтан өтеді. Биыл компания құрылыс сапасын басқару, смета мен жұмыс кестелері, компьютерлік көру, дрондар және құрылыс процестеріне қатысты өзге де технологияларға басымдық берген.

MOST Business Intelligence CEO-сы Диас Кожатаевтың айтуынша, жобаларды бағалаудағы негізгі өлшемдердің бірі – олардың практикалық тұрғыда қолдануға жарамдылығы.
Стартаптардың шешімдері құрылыс процестерінің тиімділігін арттыруға, бөлімдер арасындағы өзара байланысты жақсартуға немесе жобалардың табыстылығына оң әсер етуге тиіс. Перспективалы жобалармен әрі қарайғы жұмыс форматы олардың дайындық деңгейіне қарай жеке анықталмақ.
Финалға Оңтүстік Кореядан келген Артур Хан да қатысты. Ол құрылыс барысында жіберілетін қателерді ерте анықтауға арналған жүйесін таныстырды. Технология 360 градус камера арқылы нысанды түсіріп, деректерді талдайды және жобадан ауытқуларды, соның ішінде коммуникациялар мен әрлеу жұмыстарындағы сәйкессіздіктерді анықтауға мүмкіндік береді.

Байқау қорытындысында Factory Builder AI жобасымен Оман Абышев бірінші орын алды. Екінші орын Қанат Тәжіхан мен Astana Dynamics командасына бұйырса, үшінші орынды Павел Кимнің Basira Intelligence жобасы иеленді.
Іріктелген жобалардың бір бөлігі BI Group-пен ынтымақтастықты жалғастырып, компания нысандарында өз технологияларын нақты жағдайда сынау мүмкіндігіне ие болуы мүмкін. Жұмыс форматы әр команданың және өнімнің дайындық деңгейіне қарай анықталады.
Startup Battle арқылы BI Group құрылыс саласына жаңа технологияларды тартуды және тиімділігі дәлелденген шешімдерді нақты бизнес-процестерге енгізуді көздеп отыр.