Желіде Шымкентте болған қатыгез оқиғаға қатысты бейнежазба тарады. Онда есірткі курьерлері деп күдікке ілінген 19 жастағы жігіт пен қызға күш көрсетіліп, қорланғаны көрінеді. Бұл туралы Alash.KZ ақпарат агенттігі хабарлады.
Кадрларда оларды ұрып-соғып, қорлап, белгісіз «Артур» есімді адамнан бірнеше рет кешірім сұрауға мәжбүрлегені байқалады. Сондай-ақ жәбірленушілердің бетіне жасыл дәрі жағып, қызды шешінуге мәжбүрлеп, оны видеоға түсіргені айтылған.
Аталған жайтқа байланысты Шымкент қалалық полиция департаменті қылмыстық іс қозғап, төрт күдіктіні қамауға алған. Іс «озбырлық» және «жыныстық сипаттағы зорлық-зомбылық» баптары бойынша тергеліп жатыр.
Полиция мәліметінше, қазіргі таңда оқиғаның барлық мән-жайын анықтауға бағытталған жан-жақты тергеу амалдары жүргізілуде. Сонымен қатар сотқа дейінгі тергеу аясында жәбірленушілердің заңсыз есірткі айналымына қатысы болуы мүмкін деген ақпарат та тексеріліп жатыр.