Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігі қоғамдық орындарда бет-жүзін түрлі заттармен жауып, тануға кедергі келтіретін азаматтарға заң талаптарын қатаң сақтауды ескертті, деп хабарлайды Alash.kz.
Министрліктің мәліметінше, бұл тәртіп елдегі «Құқық бұзушылық профилактикасы» заңының 75-бабы 3-тармағы аясында реттеледі. Бүгінгі таңда аталған заңнамалық талапты бұзғаны үшін еліміз бойынша 1179 азамат әкімшілік жауапкершілікке тартылып үлгерді.
Қолданыстағы құқықтық нормаларға сәйкес, бұл ережені алғаш рет бұзған тұлғаларға ресми түрде ескерту жасау шарасы қарастырылған. Ал егер азамат осы құқық бұзушылықты бір жыл ішінде қайталап жасаса, оған 10 айлық есептік көрсеткіш, яғни 41 340 теңге көлемінде ақшалай айыппұл салынады. Тәртіп сақшылары қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету мақсатында бұл бағыттағы қадағалау шараларын одан әрі жалғастырмақ.