Түркістан облысында 9-сынып оқушысы Мейіржан Нұржанұлының өліміне қатысты қылмыстық іс қозғалды. Марқұмның жақындарының айтуынша, жасөспірімді құрдастары мазарат маңына алып барып, ұрып-соққан. Ауыр соққыдан жеткіншек дәл сол жерде көз жұмған, деп хабарлайды Alash.kz.
Марқұмның әжесі Несіпгүл Тұтқабекова апта бұрын немересін жер қойнына тапсырған. Оның айтуынша, Мейіржанды достары кешке сұрап алып кеткен, бірақ сол кеткеннен қайта оралмаған. Жеткіншектің жансыз денесі мола маңынан табылған.
Марқұмның ағасы Бауыржан Нұржанұлы оқиғаның мән-жайын былай баяндады:
“Бұлар 3-4 баланы қойып қойған шеттерінен. Сөйтіп жаңағы төртеуі ұрып шыққан ғой. Екі рет айналдырып шыққан 4 бала. Екі соққыдан есептегенде 8 соққы екен. Менің інімнің жүрегінен ұра берген. Тек жүректен ұрған. Жүрегінен ұра берген соң сол жерде тоқтап қалған жүрегі. Жүрегі жарылып кеткен. Ұйқы безі езіліп кеткен. Ол да жарылып кеткен. Сол кезде тіл тартпай кеткен. Бұлар маған алдап талып қалды деп айтып тұрды. Мен жетсем 40 минут бұрын жүріп кеткен екен інім”, – дейді ол.
Мейіржан Нұржанұлы үйіндегі үш баланың кенжесі болған. Әкесі өмірден ерте өтіп, ол анасы, әжесі және ағасының қамқорлығында өскен. Туыстарының айтуынша, жеткіншек физика мен математика пәндерін жақсы көріп, ҰҚК қызметкері болуды армандаған. Қайғылы оқиғаның алдында ғана байқауда жеңімпаз атанған.
Әжесі Несіпгүл Тұтқабекова немересінің соңғы айларда әлімжеттікке ұшырап жүргенін айтады:
“Бастық балалары айтады екен. “Бүгін сағат пәлен уақытта 15 мың жина немесе 20 мың жина” дейді. Жағдай енді әр түрлі ғой. Біреуде бар, біреуде жоқ. Сол бір бала әкелмесе бәрін ұрып шығады екен. Осыдан 10 күн бұрын шай ішіп отырсақ мына жері көкбеңбек. “Әй, әшейін ұрып алдым” дейді. Менің баламды қорқытып жүргеніне 3-4 ай болыпты”, – дейді әжей.
Жақындарының сөзінше, қатысы бар жеткіншектер әртүрлі мектептің оқушылары. Оның ішінде Мейіржанның сыныптасы да болған. Алайда мектеп әкімшілігі түсініктеме беруден бас тартты.
“Қазір қылмыстық іс тіркелді. Сол себепті қосымша ақпаратты беруге болмайды”, – деді Бала құқықтары жөніндегі уәкіл Динара Зәкиева.
Қара жамылған отбасы Мейіржанды ұрып өлтірген құрдастардың жазасыз қалмауын талап етіп, тергеудің әділ өтуін сұрап отыр.