Ресей президенті Владимир Путин Мәскеудің Украина және АҚШ-пен үшжақты келіссөздерді қайта бастауға дайын екенін айтты. Оның сөзінше, бұл мәселе АҚШ әкімшілігінің өкілдерімен байланыс барысында келісілген. Бұл туралы Alash.kz хабарлады.
Путин бұл жөнінде 22 қазанда «Вести» ақпарат қызметіне берген сұхбатында мәлімдеген.
Ресей басшысының айтуынша, келіссөздердің мақсаты — бейбіт келісім жасалғаннан кейін Украина мен Ресейдің қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселелерін талқылау.
Ол сөз етіп отырған құжаттар ұрыс қимылдарын қысқа мерзімге тоқтатуды емес, түпкілікті бейбіт келісімдерді қамтуы керек екенін атап өтті.
Путин екі елдің қауіпсіздігіне қатысты мәселелер қаралғанда Еуропадағы қауіпсіздік жүйесі де талқылануы қажет деген пікірмен келісетінін айтты. Оның сөзінше, алдағы күндері жағдайдың қалай өрбитініне қарай шешім қабылданады.
Ресей, Украина және АҚШ арасындағы үшжақты келіссөздердің алғашқы үш кезеңі 23–24 қаңтарда, 4–5 ақпанда және 17–18 ақпанда өткен. Келесі кездесу 5–8 наурыз аралығында Біріккен Араб Әмірліктерінің астанасы Әбу-Дабиде өтуі керек болған. Алайда АҚШ-тың Иранға қарсы әскери операциясының басталуына байланысты кейінге шегерілген.
21 қазанда Украина президенті Владимир Зеленский Ресеймен арадағы қазіргі майдан шебін сақтай отырып, соғыс қимылдарын тоқтату мүмкіндігін қарастыруға болатынын мәлімдеген. Оның пікірінше, бұл қақтығысты одан әрі реттеуге бастайтын алғашқы қадам болуы мүмкін.
Ресей президентінің көмекшісі Юрий Ушаков та келіссөздерді қайта бастау мүмкіндігіне қатысты пікір білдірді. Оның айтуынша, Мәскеу қараша айының екінші онкүндігінде үшжақты келіссөздерді жалғастыруға дайын. Кездесу өтетін ықтимал орын ретінде Әбу-Даби қарастырылып жатыр.
Ушаков бұл мәлімдемені Путиннің Санкт-Петербургте АҚШ президентінің арнайы өкілі Стив Уиткоффпен кездесуінен кейін жасаған.