Тірі болсам, қазаққа қызмет етпей қоймаймын!

Әлихан Бөкейхан

“Бәйтерек” холдингі зейнетақы қорынан алған қаражаты қалтаға басылып жатыр - Саиров

19:55, 12 маусым 2024 604

Мәжіліс депутаты Ерлан Саиров премьер-министрдің орынбасары Серік Жұманғаринге депутаттық сауал жолдады. Ол “Бәйтерек” ұлттық басқарушы холдингі зейнетақы қорынан алған қаражаты қалтаға басылып жатқанын айтып, дабыл қақты, деп хабарлайды Alash.kz сайты. 

Депутат үкіметтің 2023 жылғы қорытынды есебінде вице-премьер Жұманғариннің "Бәйтерек" қорының қызметіне қатысты айтқан ескертулерді растамағанына назар аударды, деп жазады Stan.kz.

“Осыған байланысты квазимемлекеттік сектор саласындағы әлсіз жұмыс туралы нақты мысалдар келтіргім келеді. Біріншіден республикалық бюджеттен квазимемлекеттік сектор субъектілерін қаржыландыру көлемі жылдан жылға артып келеді. Мәселен, 2023 жылы ол 1,2 триллион теңгені құрады. Бұл 2021 жылмен салыстырғанда бір жарым есеге көп.

Оның ішінде 403 миллиард теңгеден астам бюджеттік қаржыландыру көлемі "Бәйтерек" қорына тиесілі. Бұл бюджеттік ақшаның үштен бірі, яғни квазимемлекеттік секторға бөлінген қаражаттың 34%-ы.

Екіншіден мемлекеттік қолдау шаралары кезінде де бірқатар кәсіпорындар тиімсіз болып, жабылды. Көп жағдайда оларда жүктеме аз болып, жобалық қуаты 30%-дан аспады.

Бұл квазимемлекеттік сектордың жауапты қорларында, соның ішінде "Бәйтерек" ҰБХ тарапынан сапасыз және көрінеу жалған талдау мен жоспарлау болғанын көрсетеді”, – деді Ерлан Саиров.

Депутат осы тұста бұл фактілердің үкіметтің тиісті бақылауының жоқтығының нәтижесі екенін алға тартты.

“Үшіншіден аталған сектордың халық ақшасын орынсыз пайдалануы бойынша жоғарыда көрсетілген ашық фактілерге қарамастан, "Бәйтерек" қоры 1,6 триллион теңге болашақ ұрпаққа тиесілі зейнетақы жинақтарынан ең төменгі пайыздық мөлшерлемемен қарыз алған. Бұл мысалдар жоғары аудиторлық палатаның мәліметтеріне негізделген.

Өздеріңіз білетіндей, Қазақстанда мемлекеттік қызметтен квазимемлекеттік секторға бөлінетін қаржыдан шенеуніктері мен топ-менеджменті ғана пайда көреді. Біз ұлттық компаниялар мемлекеттік бюджет пен зейнетақы қорына тәуелді болмауы керек деп санаймыз”, – деп қосты ол.

Бұл мақала туралы не ойлайсыз?
Жарнама
Соңғы жаңалықтар