Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Бішкектегі мектепке жаңа автобус сыйлады, деп хабарлайды ALASH.KZ ұлттық порталы.
Қазақстанның Қырғызстандағы елшісі Рәпіл Жошыбаев Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың атынан Бішкектегі №33 мектепке жаңа автобус табыстады. Дәл осы мектепте ашаршылық жылдары Қазақстан көшбасшысының әкесі – жазушы, майдангер Кемел Тоқаев оқыған.
Салтанатты рәсімге қала әкімшілігінің өкілдері, мектеп ұжымы, оқушылар мен қонақтар қатысты. Автобус – қиын тарихи кезеңдерді бастан кешкен ұрпақтарға деген құрметтің және тарихи жадының символына айналды.
Сонымен қатар, іс-шара аясында Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Әке туралы сөз» кітабы таныстырылды. Бұл басылым Кемел Тоқаевтың өмір жолын – ашаршылық жылдарындағы ауыр балалық шағынан бастап, майдангерлік қызметі мен әдебиеттегі жетістіктеріне дейін баяндайды. Кітапта оның Бішкекте өткізген мектеп жылдарына ерекше мән берілген.
Кездесуге Қазақстанның Қырғызстандағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Рәпіл Жошыбаев, Қырғызстан Президентінің кеңесшісі Арслан Койчиев, депутаттар мен зиялы қауым өкілдері қатысты. Қатысушылар бұл бастаманың тек оқушылар үшін ғана емес, Қазақстан мен Қырғызстан арасындағы мәдени және гуманитарлық байланыстарды нығайту үшін де маңызды екенін атап өтті.
Шараға белгілі дін қайраткері Нұрлан имам да қатысты. Ол өз Instagram парақшасында кездесуге қатысты былай деп жазды:
"Қазақ қырғыз бір туған...
Тарихы терең қазақ пен қырғыз құстың қос қанатындай биікке самғаған бауырлас ел. Достығы мен бауырмашылдығы әлемге үлгі болған. Фрунзе жаяу әскер училищесін ұлтымыздың даңқты ұландары Рақымжан Қошқарбаев, Кемел Тоқаев оқыған. Бүгінде сол тарихи оқу орны – Бішкек қаласындағы №33 мектеп-гимназиясы. Осы оқу орнына Мемлекет басшысы атынан су жаңа автобус сыйға тартылды. Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаевтың қаламына тән «Әке туралы сөз» еңбегін Чинара Океева қырғыз тіліне аударып, оның лентасы қиылып, оқырманға жол тартты. Іс-шарада Қазақстанның Қырғызстан Республикасындағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Рәпіл Жошыбаев сөз сөйлеп, екі ел арасындағы достықтың маңызын ерекше атап өтті. Қырғызстан Президентінің кеңесшісі Арслан Койчиев, депутаттар мен зиялы қауым өкілдері де жылы лебіздерін білдірді. Артынша Кемел Тоқаев пен басқа да әруақтарға арнап Құран бағыштадым. Насихат айтып, елдестіру, біріктіру – сауап, ал елді бөлу, араздастыру – күнә екенін көпшілікке ауызашар дастарханында кеңінен жеткіздім", - деп жазды Нұрлан имам.
Бұл игі шара екі бауырлас халықтың достығы мен рухани байланысын одан әрі нығайта түсті.