Астанада Бауыржан Байбекке тиесілі қымбат сағаттарды ұрлау ісі тергеліп жатыр, деп жазды Alash.kz.
Астанада Алматы қаласының бұрынғы әкімі Бауыржан Байбекке тиесілі қымбат сағаттар коллекциясын ұрлау фактісі бойынша қылмыстық іс тергеліп жатыр. Бұл туралы журналист Михаил Козачков Telegram-арнасында жазды.
Журналистің мәліметінше, ұрлыққа 31 жастағы Нурболат есімді ер адам қатысы болуы мүмкін. Ол бұрынғы шенеуніктің көмекшісінің көмекшісі болып, үйдегі бағалы заттардың орналасқан жерін білген.
Козачковтың жазуынша, Байбек отбасы елден кеткен кезде күдікті қызметтік көліктен қосалқы кілттерді алып, үйге кірген. Ол түпнұсқа сағаттарды алып кетіп қана қоймай, олардың орнына көшірмелерін қалдырған.
Журналистің дерегінше, Breguet, Blancpain, Hublot, Jaeger-LeCoultre және A. Lange & Söhne маркаларының сағаттары ұрланған. Коллекцияның жалпы құны шамамен 90 млн теңге деп бағаланған. Алайда нақты соманы сағаттардың моделі мен жағдайы анықталғаннан кейін ғана белгілеуге болады.
Үй иелері елге оралғаннан кейін сағаттардың ауыстырылғанын байқап, полицияға хабарласқан.
Астана қаласының полиция департаменті ұрлық фактісін растады. Ведомство мәліметінше, 31 жастағы күдікті ұсталып, қылмыстық іс қозғалған. Қазір тергеу жалғасып жатыр.
Күдіктінің кінәсі сотта дәлелденген жоқ.