Ақтөбедегі батут орталықтарының бірінде ауыр жарақат алған сегіз жасар баланың отбасына мекеме басшылығы 7 миллион теңге өтемақы төлейтін болды. Бұл туралы шешімді апелляциялық сот алқасы қабылдады, деп хабарлайды Alash.kz.
Қайғылы жағдай 2024 жылы орын алған болатын. Бала батуттан секірген кезде іші ауамен толтырылмаған матрасқа түсіп, салдарынан еденге соғылған. Соққының қатты болғаны соншалық, ол көптеген сүйек сынықтарын алып, бірнеше мәрте ота жасатқан, тіпті біраз уақыт комада жатқан. Алған жарақаттарының әсерінен мектепке бара алмаған соң, ата-анасы оған жеке репетитор жалдауға мәжбүр болған. 2025 жылдың қаңтарында ресми түрде балаға үшінші топтағы мүгедектік берілді.
Бастапқыда сот моральдық шығын көлемін 2 миллион теңге деп белгілеген еді, бірақ жәбірленуші тарап бұл шешіммен келіспей, шағым түсірді. Сонымен қатар, апелляциялық сот аттракционның қауіптілік деңгейі жоғары екенін және орталық тарапынан тиісті қауіпсіздік шараларының сақталмағанын негізге ала отырып, төленетін соманы 7 миллион теңгеге дейін көбейтті.