Қазақстанда жас ғалымдар енді өндірістік үдерісті үзбей-ақ PhD дәрежесін алу мүмкіндігіне ие болды, деп хабарлайды Alash.kz.
Бұл туралы елордада өткен «Болашақ бейнесі: нәтижеден – жаңа стратегияға» атты форум барысында ҚР Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек мәлімдеді.
Ммнистр бұған дейін шәкіртақы мөлшері екі есе өскенін, алдағы уақытта бұл бағыттағы жұмыстар жалғасатынын атап өтті. Оның айтуынша, қазіргі уақытта докторанттардың айлық шәкіртақысы 252 мың теңгені құрайды, ал таяудағы үш-төрт жылда бұл төлемді тағы да екі есеге арттыру жоспарланып отыр.
Сонымен қатар министр елде «Индустриялық PhD» арнайы бағдарламасының басталғанын еске салды. Осы жоба арқылы жас зерттеушілер негізгі жұмысынан қол үзбей, үш жыл ішінде жеңілдетілген модель бойынша ғылыми дәреже қорғай алады.
Еске салсақ, бұған дейін Ғылым және жоғары білім министрлігі білім алушы студенттердің де шәкіртақысын жыл сайын кезең-кезеңімен көтеру мәселесін қарастырып жатқанын хабарлаған еді.
Саясат Нұрбек: «Бұған дейін шәкіртақы мөлшері екі есе өсті, оны тағы да өсіруді бастаймыз. Қазір докторанттардың шәкіртақысы – айына 252 мың теңге. Оны тағы екі есе өсіруге келесі үш-төрт жылға бағыт алдық», – деді.