Тірі болсам, қазаққа қызмет етпей қоймаймын!

Әлихан Бөкейхан

"Бар ойым аман алып қалу болды". Қарағандылық жасөспірім төрт жасар баланы құтқарып қалды

13:21, 22 тамыз 2026

Қарағанды облысында 13 жастағы Нұралы Әлхан суға батып бара жатқан төрт жасар баланы құтқарып қалды. Жасөспірімнің батылдығын полиция департаментінің бастығы Нығмет Исмағұлов атап өтіп, оны марапаттады, деп хабарлайды Alash.kz ұлттық порталы.

Оқиға тамыз айының басында Бұқар жырау ауданындағы Семізбұғай көлінде болған. Төрт жасар бала үрлемелі матраспен жүзіп жүрген. Қатты желдің салдарынан матрас аударылып, бала суға құлап кеткен.

Сол маңда болған 9-сынып оқушысы Нұралы жағдайды көріп, бірден көмекке ұмтылып, баланы судан алып шыққан.

Жасөспірімнің айтуынша, ол сол сәтте марапат туралы ойламаған. Оның бар мақсаты – баланың өмірін сақтап қалу болған.

«Менің бес бауырым бар. Сол сәтте судағы баланың орнына өз бауырларымды елестеттім. Бар ойым оны аман алып қалу болды», – деді Нұралы Әлхан.

Полиция департаментінің басшысы жасөспірімге батыл әрекеті үшін алғыс айтып, Ішкі істер министрлігінің таңбасы бейнеленген қолсағат табыстады.

Сонымен қатар Нұралының анасы Самал Әбдірахмановаға да ұлының тәрбиесіне қосқан үлесі үшін алғыс хат берілді.

Жасөспірімнің анасы ұлы үшін алаңдағанын айтқанымен, оның жасаған ерлігіне мақтанатынын жеткізді.

Бұл мақала туралы не ойлайсыз?
Жарнама
Соңғы жаңалықтар