Тірі болсам, қазаққа қызмет етпей қоймаймын!

Әлихан Бөкейхан

“Банк картамды тартып алды” - Халықтан ақша жинаған жүргізуші бар шындықты жайып салды (ВИДЕО)

12:37, 10 тамыз 2025 256

Қостанай облысында өртенген жүк көлігінің жүргізушісі басшыларынан қысым көргенін ашық мәлімдеді, деп хабарлайды Alash.kz.

Ермек есімді азаматтың Руслан Өтепбайға берген сұхбатындағы сөзінше, оқиға болғаннан кейін оны халықтан ақша жинауға мәжбүрлеген. Ол маусым айында жүк тасымалдаумен айналысатын жеке компанияға жұмысқа орналасқан. Айтуынша, жұмысқа қабылданғанда ешқандай құжат толтырылмаған, еңбек шарты жасалмаған. Бірнеше аптадан соң Қостанай маңында тіркемесі мен ондағы жүгі толық жанып кеткен. 

Оқиғадан кейін басшылары Ермекке жедел түрде халыққа көмек сұрап бейнеролик түсіруді тапсырған. Бұл талапты фирманың иесі Ержан мен оның жары Айнұр қойған.

“6-7 рет видео түсірдім, солардың ішінен біреуі жарайды деді. Бастықтың әйелі Айнұр ханым, маған видеоны қалай түсіру керек екенін жазып жіберді, бетің көрініп тұру керек, өртенген көлік тұруы керек деді. Әйтпесе, мен ешқашан ондай видео түсіріп көрмегенмін. Видеоны екі күн жүріп түсірдім. 
Тіпті бір балам бар болса да, төрт балам бар деп айтуға мәжбүрледі.
Маған 9 тамызға дейін 10 миллион тауып бер деп талап қойды”, – дейді жүргізуші. 

Видеоны Ермек басшысына жіберген соң, оның кім әлеуметтік желіге жариялағанын білмеген. Банк картасына ақша түсе бастағанда ғана қаражат өзіне келіп жатқанын түсінген.

“15 миллион теңге жиналғанын көрдім. Телефоным ескі болғандықтан өте баяу жұмыс істейді, сондықтан нақты біле алмадым. Кейін білсем 19 миллион теңгеден астам ақша түсіпті. Олар маған “сен есеп бере алмайсың, біз есеп береміз” деп менің банк картамды тартып алды. Басқа телефонға менің бет жүзімді пайдаланып банк қосымшама да кіріп алды. Кейін 2 миллион теңге несиемді жауып берді”, – дейді Ермек. 

Айнұрдың айтуынша, жүргізуші көлік өртенгеннен кейін өзі көмек сұрау туралы ұсыныс айтқан. Ержан да халықтан ақша сұрау бастамасы Ермектен шыққанын алға тартты. Оның сөзінше, реквизиттерді ашық жариялаған себебі - “алаяқ болмау үшін шотты тікелей жүргізушінің атына ашу”.  

Бұл істегі күдікті жайттарды қоғам белсендісі Әбілқайыр Рүстемов алғаш байқап, Ермекке прокуратураға арыз түсіруге көмектескен.

Бұл мақала туралы не ойлайсыз?
Жарнама
Соңғы жаңалықтар