Бес жылға сотталған Мейіржан Төребаевтың анасы сұхбат беріп, баласының кінәсіз екенін айтты, деп хабарлайды Alash.kz.
Сұхбатты ол Ләйлә Сұлтанқызының жаңа бағдарламасына берді.
“Арманым – ішімде. Мейіржанымның шыққанын күндіз-түні тілеймін. Отбасына келсе екен тезірек. Баламды өте жақсы білемін. Балам ешкімді алдамайтын, ешкімнің ала жібін аттамайтын адам. Қайта мен біреу туралы бірдеңе деп пендешелікпен айтып қалсам, "айтып отырғаныңыз не, мама? Намаз оқисыз ғой", деп отыратын. Біреуге жаман айтқанды қаламайды, біреуді сөз еткенді қаламайды. Құдайға шүкір, қырыққа келді. Осылардың отбасы аман болсын. Екеуі бақытты болып, бір жастыққа қартайғанын тілеймін. Өте ризамын, балама да, келініме де. Бес бала қасымда. Бәрі менің жанымда азаннан кешке дейін. "Айналайын" деген сөзімді сағынып келеді. Соны естіп өскен. Мен бақыттымын. Артымда ахар-шахар боп қалсын. Ризамын, бақыттымын", – деді
Өткен шағын еске алып, балаларын қалай тәрбиелегінін айтты.
“Өзбекстанның Зарафшан деген қаласында тұрдық. Баламның үшеуін де орыс сыныбына бердім. Кеңес кезінде орыс тілі басым болған еді. Алматыға келгесін Мейіржанның қазақшасы жақсарды. Қаламызда 20 пайыз ғана қазақтар тұрды. Көршілеріміз өзбек ұлты болды. Кейін қазақ мектебі ашылды. Бірақ мен балаларымды бергім келмеді. Өйткені орыс мектебіне үйреніп қалған еді”, – деді Сұлуфан Төребаева.