Астанада екі ер адам тұрғын үй кешенінің ауласындағы жаңбырдан пайда болған шалшықта шомылып, балаларға су шашқан. Оқиға видеоға түсіп, әлеуметтік желіде тарағаннан кейін полиция ер адамдардың жеке басын анықтады, деп жазды Alash.kz.
Жарияланған кадрларда екі тұрғынның алкоголь ішіп, шалшыққа түсіп шомылғаны, суды тепкілеп, маңында тұрған балаларға қарай шашқаны көрінеді.
Полиция қызметкерлері әлеуметтік желілерге мониторинг жүргізу барысында видеоны анықтап, оқиғаға қатысушыларды тапқан. Оларға қоғамдық тәртіпті бұзғаны үшін ұсақ бұзақылық бойынша әкімшілік хаттама толтырылды.
Сот шешімімен ер адамдардың біріне 25 тәулік, екіншісіне 7 тәулік әкімшілік қамау жазасы тағайындалды.
Астана қаласының полиция департаменті қоғамдық орындарда тәртіп бұзуға жол берілмейтінін еске салды. Ведомство мұндай әрекеттердің әрқайсысына заң аясында тиісті құқықтық баға берілетінін атап өтті.