"Мұнарлан" тобы орындауындағы "Аппақ қар" әнінің авторы қара жұмыс істеп жүр, деп жазады Alash.kz ұлттық порталы.
KYN.KZ хабарлауынша, туындыны жазған Байділдә Әбділдаев туралы "Астарлы ақиқат" бағдарламасында айтылды. Сөзінше, 15 жыл бойы қара жұмыс істеп келеді.
"Аппақ қар" әнінің авторымын. Өнерде тиын табу кішкене қиынырақ. Бала-шаға асырау керек. Жұмысқа алып кетеді. Бағасына келісесің. Екі адам болса, 30 мыңды 15 мыңнан бөліп аласың. Ресейде екі әні хит болса, сарай соқтырып алады екен. Гонорар көп төленеді. Ал бізде жағдай осы. Үкімет ән авторларына бюджеттен жәрдемақы бөлсе деймін, болмаса бұрынғыдай мәдениет үйінде жақсы ақша төлесе дейсің. Сонда бәрі өнерде жүретін еді", - дейді Байділдә Әбділдаев.
Сазгер 2018 жылы түрмеге түсіп, бір жыл отырып шыққан. Ендігіде өзіне келіп, шығармашылығын қайта қолға алмақ.
“25 жасымнан намаз оқып кеттім. Сол кезде бұл әндер хит болып бастады. 2016-да үкімет заң шығарып, 2018 жылы түрмеге түстім. Бір жыл түрмеде отырып, екі жыл бақылауда болдым. Түрмені түзеу мекемесі дейді ғой, меніңше, түрме адамды бұзады. Сол жақта денсаулық та, мінез де бұзылды. Бұзық достарым да көбейді. Енді шығармашылықты қайта қолға алып жатырмын", - деді ол.
Байділдә Әбділдаев "Аппақ қар" әні өз өмірінен алынғанын айта кетті.
“Бала кезде бір қызға ғашық болғанмын. 1977 жылғы қыз еді. Бала махаббат болды. Анам бастапқыда қарсы болған. Әскерден келген соң анам үйленуге рұқсат берді, бірақ айырылыстық. Қазір әйелім маған жазбадың деп ренжиді. Өзімнен 9 жас кіші ауылдың қызына үйленгенмін. Үш қызым, бір ұлым бар", - дейді ол.