Мәжіліс депутаты Қарақат Әбден журналист Әйгерім Сейфолланың "Сырласу" бағдарламасына берген сұхбатында балалар үйінен бала асырап алу туралы шешімді қалай қабылдағанын айтты, деп жазады Alash.kz ұлттық порталы.
"Тағдыр сондай болды. Мәслихатта жұмыс істеп жүрген кезде балалар үйіне жиі баратынмын. Сол балаларды демалыс сайын үйге шақырып, ет асып, үйдің жылулығын көрсін деп жинайтынмын. Сол кезде бір бала өзі менің жолдасымның қасына отырып, бетіне қарап "Болат аға, мені бала қылып алыңызшы" деді. Оған қалай жоқ деп айтасың? Сосын біз ойландық. Бала өзі сұрап тұр. Неге алмасқа? Отбасыма, жолдасыма, балаларыма рақмет. Бәрі де қолдап, сол балалар біздің үйге келді. Ал енді ана болғасын оларды өз балаларымнан кем көрген жоқпын. Керісінше ренжіп қалмасын, жылап қалмасын деп сол балаларға көбірек көңіл бөлгім келді. Өз балаларым ренжіген жоқ. Әлі күнге дейін келіп тұрады. Ол балалар қазір ержетіп, жастары 21-ден асты. Өздері әрқайсысы пәтер алды. Анда санда келіп тұрады. Үлкен балаларыма "шақырып тұрыңдар, үйді ұмытпасын" деп айтып отырамын. Мемлекет балаларға жағдай жасаса да, үйдің жылуына, отбасының жылуына ештеңе жетпейді. Балалар үйіндегі қамқорсыз қалған балаларға көмектесу керек", - деді Мәжіліс депутаты Қарақат Әбден.