2026 жылғы 16 қыркүйектегі жағдай бойынша, есепті аптада Қазақстанда әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бірқатары бойынша бағаның төмендеуі тіркелді, деп хабарлайды Alash.kz.
Ұлттық статистика бюросының мәліметінше, апта ішінде пияздың бағасы 5,1%-ға, картоп – 3%-ға, сәбіз – 2,4%-ға, ақ қауданды қырыққабат – 2,3%-ға, алма – 1,1%-ға, қант – 0,7%-ға, сүзбе мен тауық еті – 0,4%-ға төмендеді.
Нан, рожки, сиыр еті, қой еті, тауықтың бөлшектелген бөліктері, сүт, қаймақ, күнбағыс майы, сары май, тұз және шай бағасы өзгеріссіз қалды.
Өңірлер бөлінісінде бірқатар қалада дефляциялық динамика байқалды. Әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының жалпы бағасы апта ішінде Жезқазғанда 0,3%, Семейде 0,2%, Талдықорғанда 0,1%-ға төмендеді. Астана, Ақтөбе, Атырау, Көкшетау, Қонаев, Орал, Павлодар, Петропавл және Түркістан қалаларында бағалар алдыңғы апта деңгейінде сақталды.
Республика бойынша пияздың орташа бағасы килограмына 149 теңгені құрады. Ең төмен баға Павлодарда тіркеліп, килограмы 119 теңгені құрады.
Картоптың республика бойынша орташа бағасы килограмына 211 теңгені құрады. Ең қолжетімді баға Павлодарда байқалып, килограмы 135 теңгені құрады.
Ел бойынша сәбіздің орташа бағасы килограмына 222 теңгені құрады. Ең төмен баға Павлодарда тіркеліп, килограмы 140 теңгені құрады.
Қызанақтың республика бойынша орташа бағасы килограмына 620 теңге деңгейінде қалыптасты. Ең қолжетімді бағалар Таразда – килограмына 378 теңге және Атырауда – 396 теңге болды.
Әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарлары бағалары индексінің көрсеткіші апта сайын есептеледі. Бағаларды бақылау барлық облыс орталықтарында, республикалық маңызы бар қалаларда және астанада жүргізіледі. Әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарлары бағасының динамикадағы өзгерістерін Қазақстан Республикасы Стратегиялық жоспарлау және реформалар агенттігі Ұлттық статистика бюросының сайтынан және «Талдау» ақпараттық-талдау жүйесінен көруге болады.
*Әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының тізбесі Қазақстан Республикасы Сауда және интеграция министрінің 2025 жылғы 23 желтоқсандағы №362-НҚ бұйрығымен бекітілген және 31 атаудағы азық-түлік өнімдерін қамтиды.