Танымал актриса Дариға Бадықованың журналист Нұрсейіт Жылқышыбайға қарсы қозғаған сот ісі аяқталып, сот шешімі жарияланды, деп жазады Alash.kz.
Актрисаның «Уақыт көрсетеді» YouTube-арнасында жарияланған сұхбатқа қатысты қойған талаптарының ешқайсысы қанағаттандырылмады.
Дариға Бадықова сотқа жолдаған талап арызында журналистің бейнематериалын шындыққа жанаспайды деп тануды, оны желіден жоюды және жария түрде кешірім сұратуды сұраған. Сондай-ақ талапкер 1 000 000 теңге моральдық зиян, 2 500 000 теңге заңгерлік қызмет ақысы және 802 128 теңге сараптама шығындарын қоса алғанда, жалпы мөлшері 4 миллион теңгеден асатын өтемақы өндіріп алуды көздеген болатын.
Журналист Нұрсейіт Жылқышыбайдың мүддесін сотта заңгер Инга Иманбай қорғады. Ол сот процесінің нәтижесі туралы пікір білдіріп, былай деп мәлімдеді: «Біз сотта Дариға Бадықованы жеңдік. Бұл істе мен журналист Нұрсейіт Жылқышыбайдың өкілі ретінде қатыстым және оны толық қорғап шықтым».
Заңгер өз сөзінде бұл істің кәсіби тұрғыдан маңыздылығына тоқталып, сөз бостандығын қорғау оның басты қағидасы екенін атап өтті. Инга Иманбай өз ұстанымын келесідей негіздеді:
«Бұл іс мен үшін жай ғана кезекті процесс емес. Менің бірінші мамандығым – журналистика, екінші мамандығым – заңгер. Сондықтан мен үшін міндет қана емес, ішкі заңгер ретінде сөз бостандығын қорғау – кәсіби ұстаным. Мұнда мен ешкімнің жеке өміріне араласқан жоқпын. Мен қорғаған нәрсе – журналистің кәсіби еркіндігі, пікір алуандығы және авторды өз шығармашылық өнімін өшіруге мәжбүрлеуге жол бермеу принципі».
Дауға себеп болған сұхбат Нұрсейіт Жылқышыбайдың YouTube-арнасында жарық көрген еді. Онда актрисаның бұрынғы жұбайы Дархан Мұсаев отбасылық өмірдің жеке тұстары, атап айтқанда, асырап алынған балаға қатысты жағдайлар мен ажырасудың себептері туралы өз пікірін білдірген болатын.