Жапонияда өтіп жатқан V Азия Пара ойындарында елордалық спортшы әрі депутат Айсұлу Сүлейменова Азия рекордын орнатып, ерекше нәтижеге қол жеткізді, деп хабарлайды Alash.kz.
Жеңілатлетикадан T62 санаты бойынша сынға түскен ол 100 метр қашықтықты 16,18 секундта жүгіріп өтіп, құрлық рекордын жаңартты. Өзі бақ сынаған T62 санатында басқа қатысушылардың болмауына байланысты, спортшы T64 санатындағы спортшылармен бірге біріктірілген жарысқа қатысып, жалпы есепте бесінші орыннан көрінді.
Айсұлу Сүлейменова 2011 жылы ауыр жол-көлік оқиғасына ұшырап, салдарынан екі аяғынан бірдей айырылған болатын. Алайда мұндай ауыр тағдыр соққысына қарамастан, ол спортпен белсенді айналысып, жоғары нәтижелерге қол жеткізуді жалғастырып келеді.