Қазақстандық параспортшы Еркін Ғаббасов Японияның Айчи-Нагоя қаласында өтіп жатқан Азия Пара ойындарында ел қоржынына алғашқы алтын медальді салды, деп хабарлайды Alash.kz.
Туризм және спорт министрлігінің мәліметінше, отандасымыз пневматикалық винтовкадан 10 метр қашықтыққа нысана көздеуден R1 дисциплинасы бойынша сынға түсті. Шешуші кезеңде Еркін Ғаббасов 249,1 ұпай жинап, жарыс чемпионы атанды. Осылайша ол Азия ойындарының рекордын жаңартып қана қоймай, 2028 жылы Лос-Анджелесте өтетін Паралимпиада ойындарына ресми жолдама иеленді.
Бұл дисциплинада күміс жүлде 248 ұпай жинаған оңтүстіккореялық Пак Джинхоға бұйырса, тағы бір оңтүстіккореялық спортшы Ли Джанхо 226 ұпаймен қола медальды қанағат тұтты.
Айта кетейік, Еркін Ғаббасов бұған дейін де Паралимпиада ойындарында пара нысана көздеуден күміс жүлдеге қол жеткізіп, отандық спорт тарихында өз орнын қалыптастырған болатын.
