Әзербайжан президенті Илхам Әлиев Украинаға Ресейдің украин жерін басып алуына «көнбеуге» кеңес берді, деп жазады Alash.kz ұлттық порталы Азаттық радиосына сілтеме жасап.
Шуша қаласында өткен медиа форумда украиналық журналист Дмитрий Гордонның сұрағына жауап берген Әлиев осылай деді.
Әлиев Таулы Қарабақтағы жағдайды мысалға келтірді. Таулы Қарабақ пен оған жапсарлас жатқан аудандарды Баку шамамен 30 жыл бойы бақылауынан шығарып алған.
Ақыры 2023 жылы Әзербайжан қарумен Таулы Қарабақты қайтарды. Ондағы армяндар іс жүзінде аумақтан кетті.
"Келіссөз жүрген жылдары, мен оған 2003 жылдың соңынан бастап қатыстым, 17 жыл бойы көптеген ұсыныс түсті, көптеген кездесу болды. Көбі шынайы жағдайға көну қажеттігін айтты. Бұдан соң өзіміз жаңа шындықты қалыптастырып, сіздер соған көнесіздер деп шештік. Солай да болды", – деді Әлиев.
Әзербайжан Украинаның территориялық тұтастығын ресми түрде қолдайды.
Бұған дейін Баку Ресей сыртқы істер министрі Сергей Лавровтың Ресей оккупациялап алған украин жері мен Қарабақты параллель келтірген.
Оның сөзінше, Әзербайжан сияқты Украина да болашақта оккупацияланған аумақты күштеп қайтаруы мүмкін. Баку Қарабақты даулы аймақ деп атағаны үшін наразы болған.
Шушадағы форум кезінде Әлиев сонымен бірге былтыр желтоқсанда AZAL әуе компаниясы ұшағы апатына байланысты халықаралық сотқа шағым түсіру үшін құжаттар әзірленіп жатқанын айтты.
Әзербайжан билігінің пікірінше, ұшақ Грозныйға қонбақ болған кезде ресейлік әуе қорғаныс жүйесі оны украин дронына балап атқан. Ұшақ Қазақстандағы батысындағы Ақтау қаласында апатқа ұшырады.
"Не болғанын білеміз және оны дәлелдей аламыз. Ресейлік ресми тұлғалар да одан хабардар екенін білеміз. Мұндай жағдайда кез келген көрші істейтін нәрсені неге олар істемейді? Мәселе сонда", – деді ол.
Оның сөзінше, 7 айда Бакуге Ресей жағынан бұл бойынша ешқандай тұшымды жауап түспеген.
Әзербайжан Ресейден кінәні мойындап, ұшақ апатына кінәлілерді жазаға тартуды, қаза болғандар мен зардап шеккендердің отбасына өтемақы төлеуді талап етіп отыр деді Әлиев.
Ресей билігі әзірге, тергеу жалғасып жатқанын алға тартып, ұшақ апатының себебін ресми түрде мәлімдеген жоқ.
Ресей президенті Владимир Путин оқиға үшін кешірім сұраған. Бірақ Мәскеу кінәні ресми түрде мойындамады.
Ұшақ апатынан кейін Баку мен Мәскеу қатынасы айтарлықтай суыды.