Әлемнің бірінші ракеткасы, Қазақстанның үздік теннисшісі Елена Рыбакина Бейжіңдегі WTA 1000 турнирінің екінші айналымында күтпеген жерден жеңіліске ұшырағаннан кейін баспасөз мәслихатын өткізіп, бұлай болу себебін түсіндірді, деп хабарлайды Alash.kz.
Қытайдағы China Open жарысында Рыбакина алғаш рет әлемдік рейтингтің көшбасшысы мәртебесінде өнер көрсетті. Оның бұл айналымдағы қарсыласы рейтингте 118-орында тұрған Армения өкілі Алина Чараева болған еді. Кезедесудің алғашқы сетінде қазақстандық спортшы 6:3 есебімен сенімді басымдық танытқанымен, кейінгі екі сетте қарсыласына есе жіберіп алды (6:4, 6:3). Жалпы ұзақтығы екі сағат 12 минутқа созылған тартысты бәсекеден соң Елена сәтсіздіктің негізгі себептерін атап өтті.
«Бүгін корттағы ойын өте ауыр өтті. US Open-дегі жеңістен кейін көп жағдай болды, дұрыс ұйықтап, толық қалпыма келуге уақыт болмады. Алинаны жеңісімен құттықтаймын, ол өте жақсы матч өткізді. Ойынның аяғына қарай табанымнан аздап жайсыздық сезіндім. Сондықтан біраз үзіліс жасап, қалпыма келуім керек. Алдағы апталардың кестесіне де қараймыз. Қолдау көрсеткен барлық жанкүйерге рақмет. Келесі жылы Бейжіңде қайта кездесеміз», — деді Елена Рыбакина.
Сондай-ақ отандасымыз қысқа мерзімді демалыстан кейін кортқа қайта оралып, маусымды сәтті аяқтауды көздеп отырғанын сөз етті.
«Қазір бір апта демаламын. Аяғым толық қалпына келеді деп үміттенемін. Маусымның қалған турнирлеріне қатысып, 2026 жылды толық аяқтағым келеді», — деп қосты спортшы.