Алматы қаласы Тастақ микрорайонының тұрғыны 11 жасар ұлының өз үйінің ауласында бір айдан астам уақыт бойы бір топ жасөспірім тарапынан ауыр қорлық көргенін мәлімдеді, деп хабарлайды Alash.kz.
Ерке есімді алматылық әйел әлеуметтік желідегі парақшасында 13–14 жастағы жасөспірімдердің кіші балаларға сес көрсетіп, оларды өзара төбелесуге мәжбүрлегенін жазды. Сонымен қатар, ол өз ұлының ұрып-соғылып, физикалық және моральдық қорлыққа ұшырағанын жеткізді.
Бұл оқиғаға байланысты ашынған ана өз жазбасында басынан өткен сұмдық жайттарды ашық жария етті:
«Ұлым 11 жаста. Баламның өз үйінің ауласында нелерден өткенін елестетіп көрсеңіздерші... 13–14 жастағы жасөспірімдер бір айдан астам уақыт бойы балаларды қорлап келген. Ұлымның ішінен, бүйрегінен ұрып, ауыр сөздермен балағаттаған, ал Сайраннан ұстап алып аулаға әкелген шикі балықты оның аузы мен құлағына тыққан. Осының бәрін басқа балалар көріп тұрған. Арада 3 күн өтті. Менімен ешкім хабарласпады. Өзім инспекторды іздеп, телефон соғып, арыздың не болып жатқанын білуге тырысып жатырмын. Алайда осы уақытқа дейін жауап алған жоқпын. Балаларға жасалған қорлыққа назар аударту үшін алдымен әлеуметтік желіде шу шығару керек пе?»
Әлеуметтік желідегі бұл дабылдан кейін Алматы қалалық Полиция департаменті мен Алмалы ауданының әкімдігі дереу іске кірісті. Құқық қорғау органдары тексеру жүргізіп, оқиғаға қатысушыларды анықтады. Жасөспірімдермен профилактикалық әңгімелер жүргізіліп, жиналған материалдар Кәмелетке толмағандардың істері және олардың құқықтарын қорғау жөніндегі комиссияға жолданды. Сондай-ақ, тәртіп бұзған жасөспірімдердің ата-аналары ҚР ӘҚБтК-нің 127-бабы 1-бөлігіне сәйкес (Кәмелетке толмағандарды тәрбиелеу және оларға білім беру жөніндегі міндеттерді орындамау) әкімшілік жауапкершілікке тартылып, айыппұл төледі.
Тексеру жұмыстарының аяқталғанын жеткізген баланың анасы бұл істе ешкімнен кек алуды мақсат етпегенін, басты тілегі әділдік пен балалардың қауіпсіздігі екенін атап өтті:
«Мен кек алғым келмейді. Мен өз балама және басқа балаларға әділдік пен қауіпсіздік тілеймін. Бұл істі жай ғана жылы жауып, ұмыт қалдыруға жол бермеймін. Менің жалғыз қалағаным — баламды ренжітуді, қорлауды және қорқытуды тоқтатса екен дедім. Ол аулаға еш қорықпай, еркін шыға алсын дедім. Әрбір баланың артында уайымдайтын, қорқатын және өз баласын қорғағысы келетін ана тұр. Балаларымыз аман-есен өссін. Оларды қорғап, әрдайым қастарынан табылайық».
Айта кетейік, соңғы уақытта қоғамда жасөспірімдер арасындағы буллинг пен қатыгездік мәселесі өте өткір тұр. Бұған дейін Алматыдағы Ганди саябағында тұрғындардың үрейін ұшырған мектеп оқушыларының ата-аналары жауапқа тартылып, балалар мектепішілік есепке қойылған болатын. Сонымен қатар, жекеменшік мектептердің бірінде 9 жасар оқушының сырт келбеті үшін бір жыл бойы жүйелі түрде қорлық көріп келгені анықталған еді.