Каспий теңізіндегі әскери оқу-жаттығу кезінде болған қайғылы оқиғадан аман қалған әскери қызметші Бекет Қуандық мерзімді әскери қызметін аяқтап, үйіне оралды, деп хабарлайды Alash.kz.
Бекет Қуандық әскер қатарында бірге қызмет еткен қарулас достарын еске алып, желідегі парақшасында жан тебірентерлік жазба жариялады.
Ол қаза тапқан сарбаздардың артында қалған туған-туыстары мен жақындарына көңіл айтып, сол күнгі қайғы мен қасірет мәңгі есінде қалатынын айтты.
«Бірге қызмет еткен, бір сапта жүрген жігіттерден айырылу – жүрекке ауыр соққы. Мен аман қалғаныммен, сол күнгі қайғы мен қасірет жүрегімде мәңгі қалады. Қасымда болуы тиіс бауырларымның енді арамызда жоқтығы жанымды ауыртады. Жігіттерімнің жатқан жері жайлы, топырағы торқа болсын. Алла алдынан жарылқап, жандарын жәннаттан етсін. Артында қалған отбасыларына сабыр мен төзім берсін. Біз оларды ешқашан ұмытпаймыз. Олар – біздің қаруластарымыз, бауырларымыз. Ерліктері мен жарқын бейнелері жүрегімізде мәңгі сақталады. Жандары жәннатта болсын, бауырларым! Барша біз үшін уайымдап, дұғада болған қазақ елі сіздерге Алла разы болсын» – деп жазды Бекет Қуандық.